Білім мен естеліктерге толы академиялық ұтқырлық бағдарламасыFarabi University

51

Білім мен естеліктерге толы академиялық ұтқырлық бағдарламасы

9 сәуір, 2025

        Менің атым – Жансая Жумабекова, мен барлығымызға белгілі еліміздің танымал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студентімін. Шығыстану мамандығында оқимын. Қазіргі уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы Корея Республикасының Сеул қаласындағы Сукмён қыздар университетінде білім алып жатырмын. Әрине, қазір ойлап қарасам, барлық құжаттарды жинау, тілдік деңгейімді көтеру, дайындықтар оңай болмады. Бірақ соның бәріне кеткен күш пен еңбегім ақталды деп ойлаймын. Осындай ерекше мүмкіндік үшін университетіме, ұстаздарыма және GKS бағдарламасына алғысым шексіз. Себебі шетелде оқу – екінің біріне бұйыра бермейтін баға жетпес тәжірибе.

          Кореяда маған ерекше ұнағаны – оқу жүйесінің еркіндігі. Өз мамандығыңның пәндерінен бөлек, өзіңе қызық салаларды таңдап оқи аласың. Мен, мысалы, экономика бағытындағы пәндерге жазылып, жаңа білім алдым. Ең есте қалған сабақтарымның бірі осы – экономика сабағы болмақ. Профессор тек теориямен шектелмей, бізге оның күнделікті өмірмен байланысын түсіндіреді. Тағы бір қызығы – шетелдік студенттерге арналған таэквондо сабағының болуы. Мұндай пәндер оқу процесін жандандырып жібереді. Университеттегі шетелдік студенттерге арналған қолдау жүйесі де ерекше ұнады. Әрқайсымызда жеке куратор бар, кез келген сұраққа жауап беруге дайын. Апта сайын түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады – ұлттық музейге, ботаникалық саябаққа, Ханган өзені жағасында пикник жасадық. Мұның бәрі шетелдік өмірге бейімделуге, елді тануына зор көмек болды.

           Сеул қаласының ауқымы мен әдемілігі ерекше әсер қалдырды. Қазір сәуір айы – сакураның гүлдейтін уақыты екені бәрімізге белгілі. Әр жерге барып, табиғаттың әсемдігін тамашалап жүрміз. Намсан мұнарасы Алматыдағы Көк-Төбені еске салады. Тіпті арасында тауға шығамыз – олардың ішінде алғаш көрген Пульгоксан тауы қатты ұнады. Жаңа қаланы зерттеп, достармен бірге уақытымызды қызықты өткізіп жүрміз, тіптен мәдениеттердің арасында айырмашылықта байқап, Европаның көптеген елдерінен келген студенттерімен жақсы араласып кеттік. Ең есте қалған сәттердің бірі – шетелде жүріп Наурыз мерекесін атап өткеніміз болды. Бұл мерекені Йонсей университетіндегі қазақстандық студенттермен бірлесе тойладық. Сол күнгі атмосфера ерекше болды: ұлттық киімдерімізді киіп, ән айтып, ұлттық ойындар ойнадық. Бауырсақ пен палаудың иісі туған үйді еске түсірді. Шет жерде жүрсек те, өзіміздің дәстүрімізді ұмытпай, өзгеге таныстыра алу – үлкен мақтаныш болды.

          Әрине, алғашқыда бәрі оңай болған жоқ. Корей халқы сәл тұйықтау, көбіне интроверт болып келеді. Бірақ уақыт өте келе достар табылып, ортаға бейімделіп кеттік. Қазір корей тілім де жақсарып келеді. Ең бастысы – белсенді болу және әр күннен жаңа нәрсе үйренуге тырысу екенін түсіндім. Бұл бір семестр – тек білім ғана емес, мен үшін жаңа көзқарастар мен өзімді дамытудың кезеңі болды. Өз күшіме деген сенімім артты. Бұл сапардан кейін тек өз елім емес, әлем мен үшін кеңейіп, мүмкіндіктер көкжиегі ашылғанына сенімдімін.