
Әйелдер ерте заманнан бері ғылым саласында ойып тұрып орын алып, айрықша зерттеулермен көзге түсіп жүр. Олардың арасында үлкен жетістіктерге жеткендері де баршылық. Нәзік жандылар денсаулық сақтау, химия, физика, математика, инжиниринг, философия және т.б. ғылым салаларында еңбектеніп келеді. Одан ақпараттық технологиялар саласы да қалыс қалмады. Заман талабына сай IT саласы дамыған сайын, мұндағы нәзік жандылар өз зерттеулерімен зор еңбек сіңіруде.
ҚазҰУ-дың Ақпараттық жүйелер кафедрасында да ғылым жолында өз ізін қалдырған және білім беру саласының ауыр жүгін көтеріп жүрген қаншама қыз-келіншектер бар. Олар ғылыми-техникалық жобалармен айналысып, алынған зерттеу нәтижелерін еліміздің дамуына арнап, жас ұрпаққа барынша сапалы білім береміз деп тер төгіп келеді.
Атап айтатын болсақ, экономика ғылымының докторы, доцент Қарлығаш Байшоланова ылым және білім берудің еңбек сіңірген қайраткері болса, PhD, доцент Диана Рахимова «ҚР заңнамасы саласында мемлекеттік тілге арналған семантикалық әдістер негізінде интеллектуалды сұрақ-жауап жүйесін зерттеу және әзірлеу», PhD Айдана Кәрібаева «Түркі тілдерінің параллель мәтіндер корпусын автоматты түрде генерациялауды зерттеу және оларды нейрондық модельдерде пайдалану», PhD Кәмшат Түсіпова «Өндірістік кәсіпорындар үшін ресурстарды оңтайлы бөлу және олардың даму динамикасын болжауға арналған интеллектуалды ақпараттық жүйені әзірлеу» атты ғылыми-техникалық жобаларға жетекшілік етіп, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Техника ғылымының кандидаты Лейла Көпбосын ғылым мен бесікті қатар алып жүрген көпбалалы ана болса, PhD, доцент қызметін атқарып жүрген Әсем Шормақова мен Гүлбану Мырзахмедова ғылым мен білім беру саласына өз үлестерін қосып жатыр. Аталған нәзік жанды ұстаздар IT саласында жүрген көп әйелдің санаулысы ғана. Болашақта әйел ғалымдардың саны артып, ғылыми еңбектері бағаланып, қоғамдағы рөлі арта түседі деген сенімдемін.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстандағы ұстаздардың басым көпшілігі – әйелдер. Сіздер жас ұрпақты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулып жүрсіздер. Ұлт саулығын жақсартуға зор еңбек сіңіріп келесіздер. Қазақстанның көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген осындай жандар зор құрметке лайық. Бұл керемет үрдіс», – деп, әйел адамның ғылым мен білім саласындағы рөлін ерекше атап өтті. Университетіміз де ғалым аруларды әрқашан қолдап, барынша жағдай жасап, олардың маңдай тері мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегін ескеріп келеді.
Әйгерім МАРАТҚЫЗЫ,
Ақпараттық жүйелер кафедрасының оқытушысы
Басқа жаңалықтар

