Тұрақты туризм зертханасы отандық туризмді дамытуға ықпал етедіFarabi University

51

Тұрақты туризм зертханасы отандық туризмді дамытуға ықпал етеді

15 наурыз, 2025

География және табиғатты пайдалану факультеті жа­нынан ашылған тағы бір инновациялық жоба – Тұрақты туризм зертханасы. Өткен жылы құрылған зертхананың жобалары отандық туризмді жетілдірудің инновациялық әдістерін ғылыми тұрғыда зерттеп, жергілікті жерде өр­кендеуіне зор ықпал етеді. 
Зертхана жетекшісі, техникалық ғылымдар кандидаты, ҚР еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы Александр Ар­темьев­тің айтуынша, бұл зертхана профессор С.Ер­дәу­летов (кафедраның негізін қалаушы) құрған еліміздегі жалғыз ғылыми туризм географиясы мектебінің дәстүрін жалғастыруда. 

Тұрақты туризм зертха­на­сы­ның мақсаты – өңірдің әлеу­меттік-экономикалық даму кон­­тексінде туризмнің синер­ге­тикалық әсері арқылы ай­мақтардың тұрақты даму трен­дін іске асыру. Осыған орай, зертхана мынадай тапсыр­ма­ларды орындайды.

1. Туристік саланың қор­ша­ған ортаға, әлеуметтік-мәдени аспектілерге және экономи­ка­лық дамуға ықпалын ескере отырып, оның ағымдағы жай-күйін бағалау бойынша кешен­ді зерттеулер жүргізу. Туризм­нің тұрақты дамуы үшін негізгі проб­лемалар мен сын-қа­тер­лерді анықтау.

2. Туристік дестина­ция­лар­дың тұрақтылығын бағалауға инновациялық әдістемелер мен құралдарды әзірлеу. Ту­рис­­­тік қызметтің түрлі са­ла­ла­рына тұрақты туризм қа­ғи­дат­тарын енгізу бойынша ұсы­ным дайындау.

3. Туристік сала, акаде­мия­лық орта және туристік қоғам­дас­тық өкілдеріне арнап оқыту бағдарламаларын әзірлеу, се­минар-тренингтер өткізу. Жал­пы жарияланым, вебинар және бас­қа да білім беру фор­мат­тары арқылы тұрақты туризм туралы білімді қолдап тарату.

4. Экологиялық және әлеу­мет­тік-мәдени жауап­кер­ші­лік­ке, сондай-ақ жергілікті қоғам­дас­тықтарды қолдауға баса на­зар аудара отырып, пилот­тық тұрақты туристік жоба­лар­ды дайындау және іске асыру. Түрлі географиялық контекс­тер­дегі табысты тәжіри­бе­лер­дің тиімділігі мен қайталануын баға­лау.

5. Туристік бизнес өкілдері, мем­лекеттік органдар, білім беру, ғылыми-зерттеу мекеме­ле­рі және қоғамдық ұйымдар­мен әріптестік қатынастарды ор­натып дамыту. Тұрақты ту­ризм бойынша халықаралық зерт­теу орталықтарымен бел­сенді өзара іс-қимыл.

6. Тұрақты туристік кәсіп­орын­­дар мен жобалар үшін стан­дарттар мен серти­фи­кат­тау рәсімдерін әзірлеп, оны нарықта ілгерілетуге қатысу. Туристік нарыққа қатысушы­лар­дың тұрақтылық қағидат­та­рын енгізіп сақтауын ынта­ландыру.

7. Туристік бастамалардың тұрақтылығын мониторингілеу және бағалау жүйесін енгізу. Тұрақты туризм саласындағы тәжірибелер мен страте­гия­лар­ды әрдайым жақсарту мақ­сатында кері байланыс пен ұсы­ныс беру.

Жоба шеңберінде туристік саланың қазіргі жай-күйін және оның қоршаған ортаға әсерін, әлеуметтік-мәдени аспектілері мен экономикалық дамуын б­а­ғалау бойынша кешенді зерт­теулер жүргізіледі. Тұрақты туризм зертханасының ме­га­жо­баға қатысуы экономика мен экология және әлеуметтік саладағы туристік қызметтің 30-дан астам саласына ықпал ететін мультипликативті әсе­рі­не байланысты. Өйткені туризм экономикада жаңа жұмыс орын­­дарын ашады әрі қызмет көрсету саласына тартымды ин­вестициялық ахуал қалып­тас­­тырады. Ал әлеу­меттік са­лада ұлттық құн­дылықтың бөл­ше­гі десек, артық айтқандық емес. Себебі тарихи-мәдени мұ­раны сақтап, ұлттық біре­гей­лікті жаңғыртады. Сондай-ақ қазақтың дәстүрлі қонақ­жай­лылығын көрсетеді. Эко­­ло­гия­лық орнықтылық ба­ғы­тында та­биғи байлықты сақтауға үн­де­се, экологиялық ағарту, ор­нық­тылық пен патриотизм қа­ғи­даттары негізінде туған то­­пырақтың бай табиғатына жауапкершілікпен қарауға тәр­бие­лейді.

Зертхана жетекшісі Алек­сан­др Артемьевтің пікірінше, анықталған проблемалар мен айтылған сын-ескертпелер не­­­гі­зінде жиынтық туристік әле­у­ет­ке, тәуекелдер мен тұ­рақ­­ты­лық перспек­тива­ла­ры­на ба­­­­ғалау жүргізіледі. Сон­дай-ақ ту­ристік қызметтің түр­­лі са­ла­ларына орнықты ту­ризм қа­ғи­даттарын енгізу бо­йын­ша ғы­лыми ұсынымдар әзір­ленбекші. Нәтижесінде эко­­номикалық тиім­­ділікке ту­ристік кәсіп­орын­дар­дың бәсе­ке­ге қабілет­ті­лі­гін арттыруға және салаға ин­вес­­ти­циялар тартуға ықпал ететін тұрақты туризмге ин­но­ва­ция­лық әдіс­темелер мен тәсіл­дер­ді енгізу есебінен қол жет­кі­зіл­мекші. Мамандардың ай­туын­ша, қа­зіргі заманғы «жа­­сыл» ин­фра­құрылымды қа­лып­­тастыру жө­ніндегі прак­ти­калық ше­шім­дер туристік бел­сен­діліктің өркен­де­уіне және табыстың ұлғаюын қолдауға қабілетті. Осы орай­да, зерт­ха­на қолдайтын тұ­рақ­ты туристік жобаларды іске асы­ру шағын және орта биз­нес­ті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен бірге тауар мен қыз­мет­терді тұтыну көлемін ұл­ғай­ту арқылы жергілікті эконо­ми­каны ынта­лан­дыруға ықпал етуі мүмкін.

Экологиялық тиімділік ту­ризм­­нің экожүйеге теріс әсерін азайтуға бағытталған табиғи ре­сурстарды тұрақты пайда­ла­ну әдістерін әзірлеу арқылы табиғи ресурстарды сақтау мүмкіндігін кең ауқымдан­ды­ра­ды. Экологиялық білім беру және ағарту саласындағы зерт­хана жобалары туристер ара­сын­да экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Ал бұл мәселе табиғи ортаны сақтау үшін өте маңызды еке­нін білеміз. Инновациялық тә­жі­рибелер мен техноло­гия­лар­ды енгізу парниктік газ шы­ға­рындысын азайтуға және кли­маттың тұрақтылығын сақ­тау арқылы туризмнің көміртегі ізін азайтуға көмек береді.

Әлеуметтік тиімділік жер­гі­лікті қауымдастықты қолдауда кө­рінеді. Тұрақты туризм жө­нін­дегі жобалар жергілікті ха­лық­ты туристік қызметке тар­ту­ға және мәдени мұраны сақ­тауға жәрдем береді. Жер­гі­лікті тұрғындардың білімі мен дағ­дыларын дамытуға ба­ғыт­тал­ған білім беру және мәдени бағдарламалар өмір сүру са­па­сына оң әсер етеді. Бұл рет­те тұрақты туризмді дамыту жұ­мыссыздықты азайтып, ха­лықтың әл-ауқатын арт­ты­ру­ға аса маңызды жаңа жұмыс орын­дарын құруға ықпал етеді.

Практикалық құрал және зерттеу нәтижесі ретінде де­рек­тер базасы, бағалау кар­та­лары жасалады. Туристік-рек­реа­ция­лық жүктеме есеп­­­теу­лері орын­да­лып, маршруттық ту­рис­­тік желі бейімделеді. Есеп­тік әдіс­те­мелер жетілдіріледі, биз­нес өкіл­дері мен жергілікті қо­­ғам­дастық, оның ішінде гид­терге ар­налған оқыту бағдар­ла­ма­лары әзірленеді. Атап айт­­қан­да, ағартушылық іс-ша­ра­лар ұйымдас­ты­ры­лып, мо­ни­то­ринг­тік бағ­дар­ла­малар пы­­сық­та­лады.

Уәкілетті органдар зерттеу жұмыстарының нәтижесін жос­парлап басқару мақсатында, ал туристік кәсіпорындар мен ұйым­дар-бизнесті жүр­гізу про­цесінде жобалау ау­мақ­­­та­рын дамытудың орнық­ты­лығын қам­та­масыз ету үшін ЕҚТА (ерекше қорғалатын та­би­ғи аймақтар) – туристік мар­шрут­тар мен эко­логиялық соқ­пақ­тарға рекреа­ция­лық жүк­темені бағалауға, білім бе­ру мекемелері – кадр­лар­ды даяр­лау және қайта даяр­­лауға, ғылыми ұйымдар – өңірлік тұ­рақты дамудың ғы­лы­ми не­гі­зін қалыптастыруға пай­да­­ла­на ал­а­ды.

Жоба жетекшісінің айтуын­ша, алғашқы алты айда зерт­теу­лердің әдіснамалық базасы да­йындалып, жергілікті жер­лер­де ситуациялық талдау жүр­­­­гізілген. Туризм дамуының орнықтылығын бағалаудың не­гізгі индикаторлары айқын­­да­л­ды. Батыс Қазақстан өңірі бо­йынша туризмнің өңірлік дамуының авторлық модель­де­рі әзірленді әрі тиісті автор­лық куәлік алынған. Scopus ба­­за­сына кіретін рейтингтік жур­налға мақала дайындалды. Енді далалық зерттеулерге да­йындық жүргізілуде.

ЗЕРТХАНА ЖӘНЕ ТДМ

Тұрақты туризмнің барлық жаһандық критерийлері БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына сай және соған сәйкес қолданылады:
тұрақтылықты сертификаттаудың негізі ретінде;
тұрақтылыққа ұмтылатын туристік бағыттар үшін негізгі нұсқаулар ретінде;
тұтынушыларға табысты тұрақты туристік дес­тина­ция­ларды анықтауға көмектесу үшін;
дестинацияларды орнықты деп тану және бұл туралы жұртшылықты хабардар ету үшін БАҚ бағ­да­ры ретінде;
тұрақты туризмді дамытуға қойылатын талап­тар­ды әзірлеу үшін бастапқы нүкте ретінде мемлекеттік және мемлекеттік емес бағдарламаларды, сон­дай-ақ жеке сектор бағдарламаларын әзірлеу ке­зінде;
 туризм және қонақжайлылық саласындағы кәсіптік даярлау жөніндегі білім беру мекемелері мен ұйымдары үшін базалық басшылық қағидаттар ретінде;
әрекет етуге шабыт беретін көшбасшылық қа­рым-қабілетті көрсету.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ