Қолданбалы қазақ тіл білімін дамытуFarabi University

51

Қолданбалы қазақ тіл білімін дамыту

8 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ғылыми кітапханасында «Қазақ тіл білімінің ғылыми негіздері мен қолданбалы аспектілері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Бұл шара ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің  құрылғанына 40 жыл толуына орай және әл-Фарабидің 1155 жылдығына арналған IV халықаралық Фараби форумы аясында өтті.

Конференцияны ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор м.а. Марғұлан Ибраимов құттықтау сөзімен бастап, шараның мәні мен  ғылыми қауымдастыққа беретін маңызын атап өтті.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде Қарақалпақ мемлекеттiк университетiнің доценті, PhD Ширин Смамутова (Нөкіс қаласы), Ұлттық қауіпсіздік комитеті акдемиясының профессоры, филология ғылымының кандидаты Гүлмира Бірәлі, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры, филология ғылымының докторы Сара Қоянбекова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінің тәлімгері  Дидар Ахмет Садық, Хаджеттепе университетінің Түркология зерттеулері институтының докторы, PhD Серап Пылгыр (Түркия), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, «Сенім» білім беру және дамыту орталығының директоры Айсұлу Қасымбек баяндамаларын таныстырды.

Шараға қатысушылар қазақ тілінің функционалды аспектісі мен оны дамытудағы өзекті мәселелер, тіл меңгертудегі инновациялық әдістер, цифрлық технологияларды пайдалану тәжірибесі және көптілді ортадағы қазақ тілінің даму мәселелерінің зерттелуін талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын ұсынды.      

Конференция жұмысы «Лингвистика ғылымындағы жаңа бағыттар», «Қазақ тілін цифрландыру және жаңашылдық», «Шетел азаматтарын оқытудың өзекті мәселелері»  атты секцияларда өз жалғасын тапты.

Секция отырыстарында лингвистикадағы тың зерттеу бағыттар және олардың қоғамдағы рөлі мен маңызы, онлайн платформаларды, мобильді қосымшаларды, сондай-ақ виртуалды технологияларды тіл үйрету процесіне енгізу мүмкіндіктері талданды. Шетелдік білім алушыларға ҚР білім беру стандартына сәйкес оқу құралдары мен әдістемелік материалдар әзірлеу жайы ұсынылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі