- Басты бет
- Сөйлеген сөздері
- Ұлттық құрылтайға қатысты оқытушы-профессор және студенттермен кездесудегі сөзі
Ұлттық құрылтайға қатысты оқытушы-профессор және студенттермен кездесудегі сөзі

Құрметті Мәлік Нұржанұлы!
Құрметті оқытушы-профессорлар құрамы,
білім алушы жастар!
Бүгінгі біздің кездесуіміз Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды сұрақтарға арналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдағы баяндамасында білім, ғылымды дамыту, ұлттық тәрбие мәселелеріне ерекше мән берді. Соның ішінде тәрбие мәселесіне тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келе жатқанын баса айтты.
Мемлекет басшысы: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар, тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды» деп атап өтті.
Мектептен бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынып, жалпыұлттық ауқымға ие болуы қажеттігін тапсырды.
Яғни отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу – мектеп қабырғасынан басталып, университетте жалғасын табуы тиіс.
Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынды.
Жастар ұйымдарының жұмысы «Адал азамат» бағдарламасымен астасып, «Әділетті, қауіпсіз, таза, қуатты Қазақстанды құру» идеясына негізделуі тиіс.
Қазіргі таңда жастар әлеуметтік желіні көп қолданады, бірақ әлеуметтік желіде ой-пікірін білдіремін деп, заң мен тәртіпті бұзып отырғанын байқамай қалады.
Сондықтан бұл туралы да Президент:
«Қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кетті.
Жалған мәлімет таратушылар бар.
Мұндай келеңсіз үрдістерді тыю жолын қарастыру керек» – деп тиісті орындарға тапсырма берді.
Жастар осы мәселеде сақ болуы қажет.
Оның орнына ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, білім мен ғылымды игеріп, бәсекеге қабілетті, адал азамат болып қалыптасуы – басты мақсат.
Дәстүрлі жиында Президент: «Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын. Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық», – деп, бәсекеге қабілетті болу жолын атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері өзінің тікелей бақылауында екенін жеткізді.
Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде «Білім және ғылым» секциясының жұмысына қатыстым.
Жасанды интеллект технологияларында қазақ тілін кеңінен пайдалану бойынша ұсыныстарымызды ортаға салдық.
Қазір біздің алдымызда білім мен ғылым саласындағы реформаларды жаңа бағытта жетілдіру мақсаты тұр:
жоғары оқу орындарындағы кадр тапшылығын жою, өңірлік ғылым орталықтарын дамыту;
ғылым мен өндірістің байланысын арттыру, әр салада жасанды интеллект технологияларын енгізу.
Ұлттық құрылтайда Президент жүктеген осы міндеттерді іске асыру үшін ертең Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп «ылым, бизнес және өндіріс интеграциясы» деген тақырыпта форум өткізбекпіз.
Бүгінгі кездесуімізде еліміздің стратегиялық дамуы мен ұлттық бірегейлігін нығайту бағытында жан-жақты талқылау болады деп сенемін.
Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бір сөзбен айтсақ, біздің ұлттық ой-санамыз мықты болуы керек.
Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді.
Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни бізге ғана керек.
Сондықтан ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз.
Бұл – тұтас ұлтымызға ортақ маңызды міндет», – деп, баршамыздың алдымызға нақты міндеттер қойды.
Осы міндетті орындау – ортақ парызымыз.
Басқа жаңалықтар

