Әдебиетке сапар: ашық сабақтағы шығармашылық өріс

Әдебиет – бұл өткен мен бүгіннің, ой мен сезімнің алтын көпірі. 2025 жылдың 17 наурызында «Әдебиеттану» мамандығының 3-курс студенттерімен өткен ашық сабақ осы көпірдің бойымен қызықты сапар жасауға мүмкіндік берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы кафедрасының PhD докторы Г.Т.Оспанова және аға оқытушы, ф.ғ.д. Г.Ж.Болатованың жетекшілігімен «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс магистранты Ашимова Айшагүл ұйымдастырған «Әдеби шығармадағы кейіпкерлер жүйесі» тақырыбындағы бұл ашық сабақ студенттерді көркем шығарманың тереңіне бойлатып, кейіпкерлер әлеміне жетеледі.
Сабақтың алғашқы минуттарынан-ақ аудиторияда шығармашылық орта қалыптасты. Студенттер қағаз қиындылары арқылы өлең үзінділерін біріктіріп, топтарға бөлінді. Осылайша олар бірлесе жұмыс істеудің алғашқы қадамын жасады. Сабақ барысында екі топқа бөлінген қатысушылар кейіпкерлер жүйесін әр қырынан талдады. Бірінші топ әдебиеттегі кейіпкерлердің түрлері, олардың негізгі және қосалқы рөлі туралы ой өрбітті. Ал екінші топ кейіпкерлерді сипаттаудың көркемдік тәсілдерін (портреттеу, мінездеу, диалог, монолог) тереңірек зерттеді. Әр топ шығармашылық дағдыларын шыңдай отыра, көрнекіліктермен жұмыс істеп, ортада плакаттарын қорғады.
Теория мен тәжірибені үйлестіру мақсатында студенттерге түрлі әдістер ұсынылды. «Тарсия» әдісі арқылы олар сұрақтар мен жауаптарды сәйкестендіріп, тақырыпқа байланысты материалдарды жинақтады. «Миға шабуыл» әдісінде олар блиц-сұрақтарға жауап беру арқылы өз білімдерін тексерді. Әрі топтар арасындағы бәсекелестік пікірталастар тудырып, тақырыпы тереңірек меңгеруге септігін тигізді. Теориялық білімді практикамен ұштастыру мақсатында білім алушылар Оралхан Бөкейдің «Атаукере» туындысындағы кейіпкерлер образын оқытудың замануи әдіс-тәсілдері арқылы талдады. «Кейіпкер эмоциясының кардиограммасы» атты тапсырмада шығарманың басты кейіпкерлерінің сезімдік өзгерістерін талдап, олардың мінез-құлқы мен ішкі жан дүниесін, психологиясын түсінуге тырысты. Сабақтың шарықтау шегінде шығармадағы кейіпкерлердің жасалу тәсілдерін анықтап, әр кейіпкерге образдық талдау жасалды.
Бұл сабақ студенттердің теориялық білімін тәжірибе жүзінде қолдануына жол ашты. Олар тек әдеби терминдерді меңгеріп қана қоймай, көркем шығармадағы кейіпкерлерді талдаудың жаңа әдістерін үйренді. Топтық жұмыс олардың бірлесе ойлау, пікір алмасу және өз көзқарасын дәлелдеу дағдыларын дамытты.
Сабақтың соңында студенттер алған әсерлерімен бөлісті. Олар үшін бұл жай ғана сабақ емес, әдебиетке деген жаңа көзқарасты қалыптастыратын маңызды тәжірибе болды. Кейбірі кейіпкерлердің ішкі күйін бұрынғыдан да жақын сезініп, олардың тағдырын өз жүрегімен қабылдағанын айтты. Расымен, бұл ашық сабақ әдеби кейіпкерлерді талдаудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, студенттердің шығармашылық қабілеттерін шыңдады.
Басқа жаңалықтар

