«Кедейлікті жою – қоғам дамуының маңызды алғышарты»Farabi University

51

«Кедейлікті жою – қоғам дамуының маңызды алғышарты»

28 наурыз, 2025

2025 жылғы 28 наурыз күні Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында Қытай елінен келген қандас студенттердің қатысуымен «Кедейлікті жою – қоғам дамуының маңызды алғышарты» атты тәрбие-танымдық бағыттағы іс-шара өткізілді.

Іс-шара барысында студенттермен бірге кедейлік ұғымының мәні, оның шығу себептері, әлеуметтік теңсіздікпен байланысы және мемлекеттің кедейлікті жою бағытында жүргізіп отырған іс-шаралары туралы жан-жақты пікір алмасу болды. Студенттер өз ойларында кедейлік тек табыстың аздығы емес, сонымен қатар сапалы білім, медициналық қызметке қолжетімділіктің болмауы, әлеуметтік мүмкіндіктердің шектеулілігі екенін атап өтті.

Көпшілік қатысушылар кедейлікті жою – тек экономикалық емес, ең алдымен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету екенін баса айтты. Пікірталас барысында студенттер Қазақстан мен Қытайда жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформаларға, әсіресе ауылды жерлердегі жағдайды жақсартуға бағытталған бағдарламаларға назар аударды.

Талқылау қызықты әрі шынайы пікірлерге толы болды. Студенттер қос елдегі мысалдарды келтіре отырып, кедейліктің жаһандық сипатта екенін, алайда оның шешімі әр елдің ішкі әлеуетіне, адами капиталына, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінің дамуына тікелей байланысты екенін атап өтті.

Пікірлесу барысында бірқатар маңызды ойлар алға шықты:

- Кедейлікті жою үшін ең алдымен сапалы білім мен кәсіби дағдыларға қолжетімділік қажет;

- Жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру – ұзақ мерзімді тиімді шешімдердің бірі;

- Еріктілік қызметтері, жергілікті бастамалар мен шағын кәсіпкерлікті қолдау кедейліктің алдын алуға септігін тигізеді.

Іс-шара қорытындысында студенттер қазіргі жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетті. Олар өздерінің болашақта қоғамға пайдалы маман болып, әлеуметтік әділеттілік пен теңдікті нығайту жолында еңбек етуге дайын екендіктерін білдірді.

Бүгінгі жастардың ішінде өзгеге жаны ашитын, әлеуметтік әділеттілікке бейіл, терең ойлайтын буынның қалыптасып келе жатқаны қуантады. Осындай мазмұнды іс-шаралар олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға және қоғамның өзекті мәселелеріне бейжай қарамауға жол ашады.