Жапониядағы оқу: Цукуба университетіндегі тәжірибем

Менің атым – Дюсембай Анель, мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің 3-курс студентімін. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Жапонияның Цукуба университетінде 1 жыл оқу мүмкіндігіне ие болдым. Жапониядағы алғашқы күндерден бастап, мен үшін бұл жыл қайталанбас тәжірибеге айналатынын түсіндім.
Маған Цукуба университетіндегі оқу процесі қатты ұнайды. Мұнда мен жапон тілі мен мәдениетін терең оқумен қатар, әртүрлі елдің адамдарымен қарым-қатынас жасау арқылы күн сайын жаңа нәрселер білемін. Мамандығыма қатысты курстар өте қызықты – олар тілді ғана емес, сонымен қатар елді, оның менталитетін, әдет-ғұрпын және жалпы қоғамды түсінуге көмектеседі. Сабақтар интерактивті түрде өтеді, ал мұғалімдер диалогқа ашық, көмектесуге, тақырыпты тереңірек талқылауға немесе пайдалы кеңес беруге әрқашан дайын.
Цукуба кампусы – өзгеше бір әлем. Табиғат аясындағы кең аумақ, заманауи ғимараттар, оқуға және демалуға арналған жайлы орындар оқу үшін тамаша атмосфера жасайды. Университетте әртүрлі елден келген студенттерді кездестірдім. Бұл жапон тілін үйренуге ғана емес, сонымен қатар менің ой-өрісімді кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және әлемнің түкпір-түкпірінен достар табуға тамаша мүмкіндік болды.
Шетелде білім алу қиын болуы мүмкін, бірақ ол өсуге көмектеседі. Бастапқыда бейімделуде және оқуда қиындықтар болғанымен, университеттің, мұғалімдердің және достарымның қолдауының арқасында қиындықтармен күресуді үйрендім, тәуелсіз және өзіме сенімді бола бастадым.
Осы мүмкіндік үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға алғысым шексіз. Бұл тәжірибе мені жапон тілін үйренуді жалғастыруға және кәсіби маман ретінде дамуға шабыттандырды. Цукуба университетінде өткізген уақытым менің дамуымдағы маңызды кезең деп санаймын – оқуымда да, өмірімде де маған көптеген идеялар мен күш беріп, болашаққа деген жаңа көзқарас қалыптастырды.
Басқа жаңалықтар

