
Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыру аясында студенттер арасында адалдық пен жеке этикалық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған «Адал Азамат» челленджі ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жастардың азаматтық жауапкершілігі мен әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған пікірталастар өткізілді.
Челлендж аясында Ақпараттық технологиялар факультетінің 1 курс студенттері белсенділік танытып, адалдық пен әділдіктің қазіргі қоғамдағы орны туралы өз ойларымен бөлісті. Олар «Адал азамат» қағидаларын күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынын және әр азаматтың әділетті қоғам құруға қандай үлес қоса алатынын талқылады.
Іс-шараның басты элементтерінің бірі – студенттердің өз өмірінен немесе айналасындағы адамдардың өмірінен алынған адалдық, жауапкершілік және азаматтық ізгіліктің үлгілерін көрсететін бейнероликтер түсіруі болды. Бұл бейнежазбалар жастардың «Адал азамат» идеалдарын қалай түсінетінін және оны өмірде қалай жүзеге асыратынын айқын көрсетті.
Қазақ қоғамының, мәдениеті мен дәстүрлі құндылықтары контекстінде «адалдық» ұғымына ерекше назар аударылды. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, жоғары моральдық қағидаларды ұстанатын адал азаматтарды тәрбиелеу жолдарын ұсынды.
Осылайша, «Адал Азамат» челленджі – қоғам өміріне белсенді араласып, оны дамытуға дайын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болды.
Челлендж ұйымдастырушылары – шетел тілдері кафедрасының оқытушылары: Мурзатаева А.Т., Ноғайбаева М.Ж., Гайипова Г.А., Уразғалиева С.А., Кеңесбаева Н.М., Ақылова Г.С., Оразбаева А.С., және Тұрсынбекова Ұ.Т.
Басқа жаңалықтар

