ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері, білім алушы жастары!
Сіздерді еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл мерекенің еліміз үшін мән-маңызы айрықша. Осы күні халқымыз Қазақстанды егемен ел ретінде дамыту жолында ерікті әрі түпкілікті таңдау жасады.
Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, осы ұстанымға адал боламыз, – деп атап өткен болатын.
Ұлтымыздың азаттық туралы арманы ақиқатқа айналып, елдік дәстүрлеріміз жаңғырған бұл қастерлі мерекенің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор.
Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын тұғыры, елдігіміздің ең мызғымас тірегі.
Осы жолда елімізді өркендетіп, білім мен ғылымды дамытуға, жас ұрпақты отаншылдық, азаматтық жауапкершілік рухында тәрбиелеуге қосып жатқан еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық.
Университетіміздің дамуына, ел алдындағы маңызды міндеттерді орындауға сіңірген еңбектеріңіз үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Әрқайсыңыздың табысты қызметіңіз бен жас ұрпаққа көрсетіп жүрген үлгіңіз ҚазҰУ-дың абыройын арттырып, еліміздің жарқын болашағына қызмет етеді деп сенемін.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Тәуелсіз Қазақстанның келешегі кемел, еңсеміз биік, іргеміз бүтін болсын!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар