Қазақстан ғылыми әдебиеттер қоржыны жаңа бір еңбекпен толықтыFarabi University

51

Қазақстан ғылыми әдебиеттер қоржыны жаңа бір еңбекпен толықты

3 сәуір, 2025

 

 

Сәуірдің 3 жұлдызы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде IV Халықаралық Фараби Форумы мен AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздер антологиясы» жобасы аясында «Қазақ даласының ойшылдары – әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөзде» атты пікірталас алаңы және «Мұрақ (Қазақ хандарының рухани өмірі мен білімі)» монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған шара «Сапалы білім беру», «Тұрақты даму үшін серіктестік» тұрақты даму мақсаттарына орай ұйымдастырылды.

Айтулы жиынға философия және саясаттану факультетінің деканы Мейрбаев Бекжан Берікбайұлы, Түркия Республикасы Ыстамбұл университетінің Теология факультеті деканының орынбасары Мұстафа Желил Алтунташ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтанулық зерттеулер және экспертизалар орталығының директоры Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі Абикова Гүлшат Мәсәлімқызы, ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Қыдыр Төрәлі Еділбайұлы және еліміздің дінтанушы, исламтанушы мамандары қатысты. Пікірталас алаңы көрмесіне тақырып аясында жарық көрген еңбектер, Өзбекстан мен Түркия мұрағаттары каталогтарынан үзінді, Түркия кітапханаларынан табылған қолжазбалардың көшірмелері, жоба аясында жарық көрген ғылыми және имидждік мақалалар қойылды.

Кіріспе сөзді философия және саясаттану факультетінің деканы Мейірбаев Б.Б. бастады, пікірталас алаңына негіз болған жобаны таныстырып, маңызын атап өтті. Құттықтау сөзін ҚР ҰК Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі Абикова Г.М. жалғастырып, игі тілегін білдірді. Сөз кезегін Төреәлі Еділбайұлы исламтану ғылымының маңызына, бұл салада өзекті зерттеулер жүргізудің мүмкіндігі жоғары екеніне тоқталды. Тарихи әдебиеттермен жұмыс жасағанда деректерді бұрмалаудан, бұрмаланған мәліметтерден аулақ болу қажеттігін айтып, бұған дейінгі болған мысалдарды келтірді.

Жаңа монографияның тұсауын Бекжан Берікбайұлы және қонақтар Төреәлі Еділбайұлы мен Гүлшат Мәсәлімқызы қиды. Құттықтау сөзін профессор Айнұр Дүрбелеңқызы жалғастырып, зерттеудің маңызды тұстарын атап өтті. «Мұрақ» монографиясында Қазақ хандығын құрушы Керей мен Әз Жәнібек ханнан бастап соңғы хан Кенесары Қасымұлының қысқаша өмірі мен тарихы, билік кезеңдеріндегі діни жағдай, олардың ғалымдармен байланысы және біліммен арақатынастары баяндалады.

Келесі кезекте баяндамалар тізбегін қауымдастырылған профессор Мұстафа Желил Алтунташ мырза бастады. Ол «Қолжазбалардың тарихнама әдістемесіне қосқан үлесі» тақырыбында методологиялық баяндама жасады. Өз зерттеуінің нәтижелерінен хабардар етіп, жазба шығарма ерекшеліктерінің тарихнама саласына әсері мен байланысын мысалдар негізінде көрсетті.

Мухитдинов Рашид Сражұлы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті исламтану кафедрасының доцент м.а., исламтану зерттеулері үшін үш маңызды мәселені алға шығарды. Біріншіден, түпнұсқамен жұмыс жасау. Зерттеу барысында араб, парсы, шағатай тілдерін жетік біліп, шығармалардың түпнұсқасын түсіну, жеткізудің аса маңызды екенін қозғады. Бұған дейін Фараби сынды түркі даласынан шыққан ғалымдардың еңбектерін өзге тілдердің аудармасы арқылы аударып түсінген едік. Ендігі кезекте мамандарды шығаруға қауқарымыз келгендіктен, түпнұсқаны зерттеу алдыңғы орында тұрады. Екіншіден, жалпы сипаттамалық, тарихи негізді ғана ұстанбай, жекелей ғалымдарды егжей-тегжейлі зерттеп, жинақтауға көшкеніміз жөн. Үшіншісі, қазақ даласы дегенде оны бүгінгі шекарамен шектеу зерттеулердің шектелуіне апарады. Сол секілді қазақ тілінің бастауын ХХ ғ.б. апарып тіремей, оның тарихының Қазақ хандығынан да ерте кезеңге, түркі, қыпшақ дәуірінен де ерте кезеңнен қайнар алатынын, оны көне қазақ тілі деп негіздеудің мәні жоғары екенін аса мән бере жеткізді. Лексикография бойынша ислам әлемі және жалпы әлем өркениеті үшін аса маңызды 5 сөздікке тоқталып, сол арқылы болашақ зерттеушілерге ой азығын салды. Дінтану және мәдениеттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жамашев Азамат Шутбаевич жоба аясында атқарған іссапарлары – Түркия мен Өзбекстан мұрағаттарында сақталған қазақ даласынан шыққан ғалымдардың мұрасына қатысты мазмұнды баяндама жасады. Екі елдің қолжазба қорларын салыстырып, табылған нәтижелердің қысқаша түйінін статистикалық иллюстрациялар арқылы көрсетті, болашақ зерттеулерге қатысты жоспарларын білдірді.

Баяндамалар легін Халықаралық ғылыми-мәдени мұраларды зерттеу орталығының директоры Жомарт Дөрбетхан мырза жалғап, ХІХ ғ. қазақ даласы ғалымдарының методологиясы жайында жіті сөз қозғады. Зар заман ақындарының ерекшелігі, Абай мен Ақыт Үлімжіұлы арасындағы рухани байланыстың көрінісінен хабардар етті. Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Мажен Ернар Қалмаханұлы болса, Бұқар жырау және оның діни көзқарастарын нақты мысалмен баяндап берді. Сөз соңында дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі м.а. Каупенбаева Самал Мұхаметалиқызы және дінтану және мәдениеттану кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Балтымова Мира Рашидқызы ІV Фараби форумы аясында өтіп жатқан шаралардан хабар беріп, қатысушылардың кезекті шараларға шақырды және мемлекеттік ғылыми жобалардың өзекті де, маңызды нәтиже беретінін алға тартып, аталған пікірталас алаңының жемісті нәтижелерін тілге тиек етті. Шарада жаңа ойлар мен пікірлер айтылды, осылайша, дінтанушы және исламтанушы студенттер, магистранттар мен докторанттарға мол пайдасын тигізді.

 

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы

филос.ғ.д., проф. Құрманалиева А.Д.,

филол.ғ.к., қауымд.проф. Балтымова М.Р.,

PhD, қауымд.проф. Жамашев А.Ш.,

аға оқытушы Мажен Е.К.,

докторант Елеусызбаева Н.М.