Франциялықтар ҚазҰУ студенттерін жазғы мектепке шақырды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазақстандағы TotalEnergies Renewables компаниясының басқарушы директоры Тьерри Плезанды қабылдады.
Кездесуде тараптар ортақ жобаларды жүзеге асыру және білікті кадрларды даярлау мәселесін талқылады.
Сондай-ақ болашақта оқу ордасының базасында бірлескен ғылыми орталық ашу жөнінде пікір алмасты.
Жансейіт Түймебаев құрметті қонаққа университеттің ғылыми әлеуетін таныстырып, ҚазҰУ-дың TotalEnergies Renewables компаниясымен әріптестік байланысты одан әрі тереңдетуге баса мән беретінін атап өтті.
Өз кезегінде Тьерри Плезан ілтипат білдіргені үшін білім ордасының ректорына ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар өз сөзінде құрметті мейман бірқатар ұсынысын ортаға салды.
«Алдағы уақытта біз жазғы мектепті ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Соған ҚазҰУ студенттерін белсенді қатысуға шақырамыз. Аталған жоба энергетика және физика салаларына арналады. 200-ден астам білім алушы жас қатысады деп күтілуде», – деді Тьерри Плезан.
Жүздесу барысында тараптар аталған ұсынысты жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

