ҚазҰУ-да Цифрлық картография және қолданбалы геодезия зертханасы құрылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану орталығының құрамында Цифрлық картография және қолданбалы геодезия зертханасы ашылды.
Зертхана қызметінің мақсаты Қазақстан экономикасының аграрлық, құрылыс, тау-кен салаларының міндеттерін шешу үшін Картография және геоинформатика кафедрасының ғалымдары, ОПҚ және білім алушыларының жинақталған ғылыми-зерттеу әлеуетін іске асыру болып табылады.
Зертхана қызметі инжинирингтік қызметтер, ғылыми-зерттеу жобаларына, ГҚ және МҚБ конкурстарына қатысу, консалтингтік және білім беру қызметтері бағыттары бойынша міндеттерді шешуге бағытталған.
Зертхана қызметін қаржыландыру: жеке фирмалар мен салалық ұйымдардың қолданбалы зерттеулері мен тапсырыстары, гранттық және бағдарламалық-нысаналы жобалар шеңберіндегі тапсырыстар, аккредиттелген зертхана шеңберіндегі ұйымдармен шарттық жұмыстар негізінде жүзеге асырылатын болады.
«Қызметті коммерцияландыру міндеттерін ескере отырып, біз сатудың маркетингтік стратегиясын әзірледік, ол көрсетілетін жұмыс түрлерінің көлемі мен түрлерін ұлғайтуды, ғылыми-қолданбалы зерттеулер мен шарттық жұмыстарға сұранысты арттыра отырып, аккредиттелген зертхана ашуды көздейді. Табысты дамыған жағдайда инновациялық нарықтарға шығуға болады», – деп атап өтті зертхана басшысы, доцент, PhD, Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі Айжан Асылбекова.
Зертхана ұжымы экономиканың агроөнеркәсіптік, құрылыс, мұнай-газ, тау-кен салалары үшін, оның ішінде гранттық және мемлекеттік бюджеттік қаржыландыру, халықаралық жобалар шеңберінде қолданбалы жұмыстарды және ғылыми-қолданбалы зерттеулерді орындаумен, ғылыми журналдарға мақалалар беру үшін ақпарат жинаумен және өңдеумен айналысатын болады.
Зертхана заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен, атап айтсақ: радиоқабылдағыш құрылғысы бар DJI Mavic 3 Multispectral квадрокоптері, GNSS қабылдағыштар, георадарлар, электрондық тахеометрлер, қолданбалы ГАЖ бағдарламалар және басқалармен жабдықталған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

