ҚазҰУ ректоры Мәскеуде ғылыми конференцияға қатысудаFarabi University

51

ҚазҰУ ректоры Мәскеуде ғылыми конференцияға қатысуда

6 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Әлемдегі трансформациялық қиындықтар жағдайындағы қазіргі университеттің миссиясы»  тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, баяндама жасады.

Ауқымды шара Мәскеу қаласындағы Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінде өтіп жатыр.

Конференцияға  Ресей Федерациясы ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Денис Секиринский, Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария, РХДУ президенті Владимир Филиппов, РХДУ ректоры  Олег Ястребов, Орталық Азия ЖОО-ларының ректорлары, халықаралық сарапшылар, белгілі ғалымдар – барлығы 800-ге жуық адам жиналды.

Ресей халықтар достығы университетінің 65 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – жоғары білім мен ғылым саласындағы түйткілді мәселелерді бірлесіп шешу және әріптестік байланысты арттыру.

Конференция жұмысын РФ ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Денис Секиринский ашып, ғылымды дамытуда университеттің рөлі айрышқа екеніне тоқталды. Осы тұрғыда түрлі салаға маман даярлайтын жоғары оқу орындарына талап пен үлкен жауапкершілік артылатынын баса айтты.

Пленарлық отырыста Жансейіт Түймебаев «Жаңа формация мамандарын қалыптастырудағы заманауи ғылыми-білім беру хабтарының рөлі» тақырыбында баяндама жасап, осы бағыттағы ҚазҰУ тәжірибесімен бөлісті.

Сондай-ақ өз сөзінде ректор ҚазҰУ мен Ресей ЖОО-лары арасындағы ынтымақтастық күн санап артып келе жатқанына тоқталды. Нәтижесінде Ресейдің МИФИ ҰЯЗУ филиалы ҚазҰУ базасында ашылса, ҚазҰУ филиалы тұңғыш рет Омбы қаласында іске қосылғанын атап өтті.

Халықаралық конференция жұмысы түрлі тақырыптарға арналған секцияларда жалғасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі