ТАТАМИ ШЕБЕРІFarabi University

51

ТАТАМИ ШЕБЕРІ

1 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факуль­тетінің түлегі Ғұсман Қырғызбаев Олим­пиада жүл­де­гері атанды. Ол Париж олимпиадасында дзю­додан 66 келіде сербия­лық Стра­хинья Бунчичті жеңу арқылы спорттық карьера­сын­дағы ең үздік нәтижеге жетіп, қола жүлдеге ие болды. Қырғыз­баев бұрын 60 келіде күресіп жүрген еді. Кейін 66 келі сал­маққа ауысып, осы салмақта Олимпиада меда­лін алды. Ғұсман Парижде 66 келідегі дзюдошы оңтүстік­кореялық Ан Ва Ульды жеңді. Одан кейін Фран­ция үміт артқан Валид Хярды жықты. Бірақ жартылай финалда бразилия­лық Уильян Лима­дан жеңіліп қалды.
Қазақстандық татами ше­бері Ғұсман Қырғызбаев – 2021 жылғы әлем чемпио­наты­ның күміс жүлде­гері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері. 
1992 жылы Түркістан облы­сында, Диханкөл ауылында дүниеге келген. Ғұсман 12 жасында спортқа келіп, інісі­мен бірге ұлттық күреспен айна­лысқан. 2010 жылы аға­йындылар мектепте оқуды аяқтап, Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға түседі. Дзюдодан Алматы қа­ласы чемпионатының іріктеу жа­рыстарына қатысып, фи­нал­ға өтті. Дзюдошының алғаш­қы жаттықты­ру­шысы Е.Отыз­баев болды. 
Ғұсман Қырғызбаев Олим­пиа­да­дағы өз әсерімен бө­лісе келе спорт­тағы карье­ра­сын аяқтайтынын мә­лім­деді.
– Бұл – менің соңғы Олим­пиадам. Қазір 32 жастамын. Бұл жеңіске жету үшін барлық күшімді салдым. Жеңісімді бүкіл Қазақстанға, ата-ана­ма, жұба­йыма және балала­рыма арнаймын, – деді спорт­шы.
Ғұсман мен інісі Ғұмар екеуі ҚазҰУ-да бірге оқыған, заң факультетінің мақ­таныш­тары. 2016 жылы Қытайда қазақ күресінен өткен ІІІ әлем чем­пионатында Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтар 60 және 70 келіге дейінгі салмақ дәре­жесінде екі алтын медаль же­ңіп алған. Ғұсман 2021 жылы дзюдодан әлем чемпио­наты­ның күміс жүл­десін ием­денген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті Азаматтық құқық және азаматтық іс жүр­гізу, еңбек құқы­ғы кафедра­сында «Мемлекеттік заңды тұлға­лардың қызметін құқық­тық реттеу» тақырыбын­да дип­лом қорғаған. Ұстаз­дары Ғұсман­ның көп уақыты жатты­ғу за­лын­да өтсе де, оқуға зерек болғанын айтады. Сту­дент­терге үлгі спортшының соңы­нан әлі талай Әлем чем­пион­дары ереді деп үміт­тене­міз.