- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ студенттері испаниялық компаниялардан тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады
ҚазҰУ студенттері испаниялық компаниялардан тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинеспен кездесу өткізді.
Жүздесу барысында тараптар серіктестікті дамыту перспективаларын талқылады, атап айтқанда білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті қонақты оқу ордасының жетістіктерімен таныстырып, алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ Испания жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысты одан әрі арттыруға және нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев кездесу барысында бірқатар ұсынысын ортаға салды. Атап айтқанда: Қазақстан аумағында жұмыс істеп жатқан испаниялық компаниялар мен холдингттерге ІТ, математика және экономика салалары бойынша мамандар даярлау, Испания университеттерімен бірге ғылыми жобаларды жүзеге асыру.
Өз кезегінде Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес аталған ұсыныстарды қолдайтынын және алдағы уақытта ҚазҰУ-мен тығыз байланыста жұмыс істейтінін жеткізді.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Азиядағы және Орталық Азиядағы көшбасшы жоғары оқу орындарының бірегейі. Өткен жылы қазақстандық университеттермен серіктестікті арттыру мақсатында Испания ЖОО-лары Қазақстанға келген болатын. Енді алдағы уақытта Қазақстан ЖОО-лары Испанияға барады деп жоспарланып отыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды осы ауқымды шараға қатысуға шақырамыз. Сонымен қатар мен Қазақстандағы испаниялық компаниялардың басшыларымен кездестім. Олар арнайы ғылыми-білім беру бағдарламасын ҚазҰУ-мен бірлесіп іске асыруға қызығушылық танытып отыр. 2025 жылдың маусым айында ҚазҰУ-дың 30 студентін арнайы бағдарлама арқылы оқытуға және тағылымдамадан өткізуге ниетті», – деді елші.
Келіссөз нәтижесінде тараптар кездесуде айтылған барлық ұсыныстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

