"Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл”

ТДМ 4. Сапалы білім беру аясында 2024 жылдың 14 қарашасында Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы А. Саргелтаеваның жетекшілігімен Phd 1 курс докторанттары А. Ермагулова, Ш. Саткенова, Г. Шәден ұйымдастыруымен N17 студенттер үйінде “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл” атты танымдық-шығармашылық кеш өткізілді.
Кештің мақсаты - ана тілді ұлықтап, студенттердің басқа тілдерді меңгеруге деген қызығушылығы мен құштарлығын ояту. Көп тілді білу заман талабы болғандықтан, өскелең ұрпақтың әлемдік тілдерді үйреніп, ол елдің табиғатын, мәдениетін, өнерін танып-білуге деген құлшынысын арттыру. Өзге тілді білумен қатар, өз ана тілін сүйіп, құрметтеп, ұлттық тіліміздің әлем аренасына өзге тілмен қатар шығуына атсалысу керектігін ұғындыру. Іс-шара барысында студенттер өздеріне берілген қызықты сұрақтардың, мақал-мәтел, жұмбақтардың жауабын орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерінде жауап беріп, танымдық көкжиегін кеңейтті. Өнерлі студенттер әр ұлт тілінде өнерлерін көрсетті. Атап айтқанда, «Әдебиеттану» мамандығының 4 курс студенті Бердібек Орынбек “Тымық түнгі сағыныш” өлеңін қытай тілінде оқыса, осы мамандықтың 2 курс студенті Бекқұлы Балнұр «Евгений Онегин» романының үзіндісін орыс тілінде әсерлі орындады. Адалқызы Айназ ағылшын тілінде өлең оқып көпшілік ризашылығына бөленді. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4 курс студенті Жұмагелді Тоқтарбек болса осы кештің көркін кіргізіп, рухты әндер мен күйлер орындады.
Тілі мықты елдің - рухы мықты, жастары білімді, озат елдің қамалы берік. “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл” атты танымдық-шығармашылық кеш соңы ақын Қ.Мырза-Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деген өлеңімен қорытыланды.
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы
кафедрасының аға оқытушысы А.Қ. Саргелтаева
Басқа жаңалықтар


