Кимчхон университетімен ынтымақтастық артады

Кимчхон университетінің президенті Юн Ок-Хённың Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сапары барысында екі жоғары оқу орнының өзара тиімді әріптестігі бағытын айқындайтын ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Құрметті қонақтарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасының орынбасары-бірінші проректоры Еркін Дүйсенов қарсы алды.
ҚазҰУ бүгінгі таңда Оңтүстік Кореяның 60 университеті және ұйымдарымен, соның ішінде Сеул ұлттық және Каннам, Пусан шет тілдері, Донгук, Рене, Кукмин, Намсеул, Ханьян және т.б. бірқатар университеттерімен тікелей серіктестік қарым-қатынас орнатты. Ынтымақтастық студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, профессорларды шақыру, PhD докторанттарға ғылыми-әдістемелік жұмыстарына басшылық жасау сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды.
Бірінші проректор шығыстану факультеті мен Қиыр Шығыс кафедрасының қызметіне де тоқталды. Сондай-ақ, университетте Корейтану халықаралық орталығы мен Тұрақты даму және қоршаған ортаны басқару ғылыми орталығы (SDRM) жұмыс істейді. Еркін Ерманұлы қонақтарды орталық құрамына кіретін әрі климат пен модельдеу, цифрлық картография және қолданбалы геодезия, GlobalSky, тұрақты туризм, су сапасын талдау және т.б. салаларда зерттеулер жүргізетін 10 зертхананың жұмысымен танысуға шақырды. Медицина және денсаулық сақтау факультетінде Эразмус+ жобаларын сәтті жүзеге асыратын «Инновациялық денсаулық сақтау» ғылыми-практикалық орталығы туралы баяндады. Сөз соңында Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректоры Еркін Дүйсенов барлық өзара тиімді бағыттар бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Кимчхон университетінің президенті Юн Ок-Хён ханым денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік және адам күтімі колледждерін қамтитын жеке университеттің қызметі туралы айтты.
«ҚазҰУ-мен арада меморандум жасау – біз үшін маңызды қадам, ол әлемдік деңгейдегі оқу орындарының талаптарына сәйкес келетін, студенттері бақытты, оқудан кейін оңай жұмыс тауып, болашақтың көшбасшысы атанатын инновациялық типтегі университет мәртебесін алуға көмек береді», - деп атап өтті Юн Ок-Хён ханым.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
