Үлкен өмірге жолдама бердіFarabi University

51

Үлкен өмірге жолдама берді

10 наурыз, 2024

Қазақ ұлтының басы айдауда, бармағы шайнауда жүрген кезеңдер аз емес. Сондай бір сұрапыл шақтар өткен ғасырдың басы, дәлірек айтсақ 30-жылдар. 

Босқан халықтың бір бө­лігі қиыр қонып, шет жай­лап шекара асса, туған Отан­да қалған бөлігі бұ­ра­тана атанып, әр саладағы көш­басшы тұлғалары ше­тінен атылып, асылып, ұр­пағы күні кешеге дейін шек­кі көрген, ұлттық тари­хы­мызда өшпес дақ қал­дыр­ған кесапат дәуір. Сол қы­лышынан қан тамған Кеңестер Одағының балға мен ораққа құрылған идео­ло­гиялық саясаты бұра­тана жұртты жұдырығында ұстау үшін ғылым, тарих, білім, мәдениет бағытында үлкен жобалар жүзеге асыр­ды. ылым мен білім­нің қара шаңырағына ба­лан­ған ҚазҰУ сондай бір елең-алаң шақта құрылған тарихи орда. Басына ала­ғай да бұлағай кезеңдер көш­кен ұлы шаңырақтың күнгей-теріскейі, дәуірле­ген шақтары тарих таспа­сын­да жазулы.

Біз осы тарихы мен та­мы­ры терең оқу ордасының қа­бырғасында тәуел­сіз­діктің алғашқы жыл­дарын­да білім алдық. Әйгілі ұс­таз­дардың алдын көрдік. Ке­сіп айтқанда, үлкен өмір­ге жолдама берді. Басы­мыз­ға баспана, бауыры­мыз­ға қазан болды.

Университетіміздің не­гіз­гі органы саналған «Qazaq universiteti» газеті жур­налист болсам деген үлкен арманмен келген біз­дің ай сайын күтетін негізгі басылымдар қатарын то­лықтырды. Алақандай ға­на фор­матпен шықса да, біз үшін Алатаудай басы­лым бол­ды. Ол кезде ба­сы­лым­ның фирмасы ки­рилл қар­пімен жазылатын. Уни­вер­ситетіміздің ты­ныс-тіршілігі, әр факультетте өтіп жататын сан түрлі ша­ралар студенттер газе­тін­де жарық көретін. Таласа-тар­маса оқитынбыз. Әсі­­ресе журналистика факуль­теті­нің студенттері үшін өте ыс­тық газет.

Өзіміз де осы газеттің жа­рық көруіне қолғабыс жасаған кездеріміз болды. Мен «Алматы ақшамы» га­зетінде толық штатта қыз­мет жасай жүріп, өзіміздің төл газетімізге де мақа­ла­лар жаздым, өлеңдерім де жарық көрді. Оймақтай ға­на фамилиямызға көзі түс­кен Қожакеев секілді ұлы ұстаздардың бата-тілегі әлі санамызда сайрап тұр.

Сол тұста ардақты ұс­таз­дарымыз Сағатбек Ме­деу­бекұлы, Кәкен Қамзин, Қайрат Сақ кезең-кезеңі­мен осы басылымға бас­шы­лық жасады.

Жүздеген тұлғаларға, мың­даған шәкірттерге қа­нат болған шаңырағы­мыз­дың торқалы 90 жылдық то­йы құтты да қайырлы бол­сын!

Жанарбек ӘШІМЖАН,

ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты