
Жалпы, экология мәселесі адамзат дамуының барлық тарихи кезеңдерінде орын алып келеді. Қоршаған ортаны қорғау... Пластиктен бас тарту... Бұл бүгінде екінің бірі пікір айтатын тренд тақырыпқа айналды. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі өзіміздің денсаулығымыздан бұрын, заманауи болып көріну үшін қажет сияқты. Экология тақырыбында сөз қозғап, көпшіліктің назарын аударуға тырысып жүргендер қатары да көбейіп жатыр. Алайда пластик заттарды тұтынумен қатар, ғаламға төнген тағы бір қауіптің бірі – жаһандық жылыну.
ХХ ғасырдың басында ғалымдар Жер планетасындағы температураның өзгеруін зерттеп, жыл сайын жоғарылап отырғанын анықтаған. Ал 1980 жылы жылыну үрдісі дәлелденген.
1998 жылы Массачусетс университеті мен Аризона дендро-хронология университетінің ғалымдары Жер температурасының 1000 жылдағы өзгерісі туралы зерттеу жариялаған. Термометр болмаған кездегі ауа температурасын сол заман туралы ақпарат беретін дереккөздерден зерделеген. Нәтижесінде біраз уақыт нормадан алшақтау бәсең болып, ал ХХ ғасырда температураның жоғарылап, күрт өскені байқалды.
1987 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік қоршаған орта мен даму комиссиясы «Біздің жалпы болашағымыз» атты есебінде «қоршаған орта үшін қауіпсіз жолда экономикалық дәуірге» аяқ басуға шақырды. Алғаш рет «Тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму.
1992 жылдың маусым айында Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ-ның қоршаған орта мен даму бойынша өткен конференциясы «Тұрақты даму концепциясы» атты ауқымды бағдарлама қабылдады. Бұл бағдарламада түйіні шешілуі тиіс болашақта тұрақты дамуды қамтамасыз ететін жалпы мәселелер қарастырылған. ТДМ-2030 1) азаматтардың өмір сапасын арттыруға, 2) мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, 3) экологиялық тұрақтылығына бағытталған 2030 жылға дейінгі мақсаттар мен индикаторлардың кешенді жинағы болып табылды. ТДМ-2030 жылға дейінгі бағдарлама 17 мақсаттан, сондай-ақ онымен өзектес 169 міндет пен 242 индикаторды қамтыды.
Осы орайда, өзім дәріс оқитын «Мұнай өңдеудегі газхимиясының үдерістері» пәні бойынша семестр бойы берген білімді пысықтау мақсатында ауқымды іс-шара ұйымдастырдық.
Атмосфералық ауаның түрлі зиянды заттармен ластануы ел-жұрттың денсаулығына кері әсер етеді, оның ішінде тыныс мүшелерінің ауруына әкеп соғады. Ауаны ластау, кәсіпорын санының артуы, орманды кесу, адамзаттың сан қилы әрекеті жаһандық жылынудың басты себебі болып тұр. Парниктік газдардың негізгі алты түрі бар, олар: су буы, көмірқышқыл газы, метан, азот тотығы, озон және хлорфторкөмірсутектер.
Атмосфераны ластайтын антропогендік көздер қатарына өнеркәсіп орындарының кейбір салалары, автокөлік және жылу энергетикасы жатады. Атмосфераға зиянды заттарды шығаруда автокөлік алдыңғы қатарда екенін білесіздер. Сондай-ақ «Қазгидромет» ғылыми-зерттеу орталығынан алынған мәліметтерге сүйене отырып және университетіміздің география және табиғатты пайдалану факультеті Метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы Аида Нұрғалиқызы дәйекті мәліметтермен толықтырды. Студенттеріміздің ой талқысы мен кеш қонақтарына әзірлеген сұрақтары тақырыпты егжей-тегжейлі пысықтады.
Гүлбану ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ,
Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті
Басқа жаңалықтар

