Ойталқы клубына алыс және жақын шетел ғалымдарын да шақырамызFarabi University

51

Ойталқы клубына алыс және жақын шетел ғалымдарын да шақырамыз

14 шілде, 2023

Сейсембай КӘРІМҰЛЫ,

Экономика және бизнес жоғары мектебінің

қауымдастырылған профессоры, э.ғ.к.

Таяуда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Эко­номика және бизнес жоғары мектебінің пікірталас клубы құ­рылған еді. Университет қа­быр­ғасында отандық эко­номи­каның келелі мәселе­лері мен өзекті түйіндерін ортаға салатын, ой айтып, ұсыныс білдіретін клубтың мүше­лері ұзақ жылдар бойы білім ордасында еңбек етіп келе жатқан мүйізі қара­ғайдай ға­лымдар, оқытушылар мен түрлі деңгейде білім алу­шылар. Күні бүгінге дейін пікір­сайыс клу­бының екі отырысы өтті. Осы екі басқосуда қандай мәселе көте­рілді, қандай ой-толғамдар жа­салды? Жалпы, пікірсайыс клубын құрудағы мақсат қан­дай? Осы және басқа да са­уалдарға жауап алу ние­тімен клуб жетек­шісі, экономика ғылы­мының кан­дидаты, қауым­дастырылған про­фес­сор Сейсем­бай Кәрімұлын арнайы әңгімеге шақырған едік.

– Сейсембай Кәрімұлы, ой­талқы клубын құрудағы бас­ты мақсат не? Осы жөнінде кеңі­рек әңгімелеп берсеңіз.

– ЭжБЖМ пікірталас клубын біз жоғарыға есеп беру үшін емес, қазіргі экономиканың өзекті мәселелері мен қоғамда орын алып отырған түрлі әлеу­меттік түйткілдер негізінде еркін ойлы ғалымдардың пікір алма­сатын ашық алаңына айнал­дыруды көздеп аштық. Пікір­талас клубтарын әдетте зиялы қауым, сарапшылар мен нағыз зерттеу­шілер ашады. Біздің ұжымда осындай адамдар бар екеніне сенімдіміз және оларды Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында қоғам алдына қойған зор міндеттерді шешуге, оған үн қатуға осы пікір­талас клубының жұмысы арқылы бел­сене қатысуға жұмылдыруды ойладық.

Осы жолдауда Мемлекет бас­шысы елдегі реформалардың нақты бес бағдарын белгілегенін білеміз. Сөйтіп, оны «жаңа эконо­микалық саясат» деп атады. Президент бұл бағдар бойынша нақты тоғыз маңызды міндетті шешу керек екенін көрсетіп берді. Осылайша ға­лым­­дарға, практиктерге және барлық мүдделі тұлғаларға алға қойылған міндеттердің тиімді шешімдерін табу үшін ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рының кең өрісін қолдануға шақырған еді.

Осыған орай, қазір барлық беделді университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары эко­номиканың ең өзекті мәсе­лелері талқыланатын осындай пікірталас клубтарын ұйымдас­тыруда.

Біз өзіміз құрған пікірталас клубына университет ғалымда­рымен бірге әзірше өзге жеті университет пен институттарда қызмет істейтін, өзінің ғылыми нәтижелерімен көзге түскен танымал зерттеушілерді тарт­тық. Біз бұл тәжірибені әрі қарай дамытып жалғастырамыз, со­ның ішінде алыс және жақын шетел­дердің зерттеушілерін де клубқа тарту жолын қарасты­рудамыз.

– Ойталқы клубында негі­зінен нақты қандай мәселе­лер талқыланады?

– Біздің клубымызда негізі­нен жаңа Қазақстанға тән экономи­каны қалыптастырып, оны одан әрі дамыту мәселелері жан-жақты әрі терең талқыла­нады. Бұған қоса, экономикамен тығыз байланысты әлеуметтік түйткіл­дерді әділетті шешу жол­дарын іздестіру амалдары қарасты­рылады. Алдағы уақытта клубы­мыздың жұмысын әрта­рап­тандыруды жоспарлап отыр­мыз. Атап айтқанда, жетекші ғалымдар мен практик­терді дөңгелек үстел­ге шақырамыз. Онда балама көзқарасты білді­ретін немесе бір-бірін толықты­ратын екі баян­дамашыны ұсыну тәсілін қарас­тырдық. Мәселен, қазан айын­дағы кеңесте екі баяндамашыны тыңдап, тал­қылау жоспарлануда: оның бірі – инклюзивті экономи­калық өсу проблемаларына, екіншісі – әлеу­меттік теңсіздік мәселе­леріне арналады. Сондай-ақ клуб отырыстарында еліміздегі жоғары білім сапасы сөзсіз талқыланады: ЖОО-да студент­тер арасындағы білім культі (баллға табыну емес) және оқытушылар арасында кәсіби шеберлік культі билік ету үшін не істеу керек деген толғақты мәсе­лелер жөнін­де ой қозғай­мыз. Аса маңызды ұсыныстар мен көзқарастарды уақыт өте келе, қоғамдық талқыға салуды да ойластырамыз.

– Алғашқы клуб отырысын­да қандай толғақты түйін талқыға түсті?

– Клубымыздың бірінші оты­ры­сы 19 сәуірде өтті. Профессор Мағбат Спанов «Қазақстанға қайтадан қар барысы болу үшін стратегиялық серпіліс жасауға қандай ре­формалар қажет?» деген тақы­рыпта әріптестерін ойталқыға шақырды. Өздеріңізге белгілі, 2000-2007 жылдары Қазақстан экономикасы жоғары қарқын­мен өсіп дамыды: осы кезеңдегі орташа жылдық өсім 10 па­йызды құрады. Сол кезде қоғамда елімізді «қар барысы» деп атау жөнінде ұсыныстар айтылған еді. Алайда кейінгі жыл­дары орташа жылдық өсу қар­қыны екі еседен астам көлемге күрт төмендеді. Ұсы­нылған тақы­рып бойынша өте қызықты пікірталас болды. Бұл тақырып қатысушылардың ерек­ше қызығу­шылығын тудырды. Клубқа жинал­ғандар өздерінің ғылыми көзқарастары, зерттеу нәтиже­лерін ортаға салып, бөлісуге ниетті екендерін айтты.

Одан кейін маусым айында Экономика және бизнес жоғары мектебі пікірталас клубының екін­ші отырысы өтті. Күн тәр­тібінде профессор А.Адамбекова «Экономиканы қаржыландыру: трендтер мен тәуекелдер» деген тақырыпта баяндама жасады. Басқосуда баяндамашы көпші­лікті өз зерттеулерінің нәтижеле­рімен таныстырды. Атап айт­қанда, төмендегідей мәселелер талқыға түсті:

1. Қазақстандық компания­лар қаржыландыру механизмі ар­қылы қаражат тартудан гөрі банктік несие алуға мүдделі.

2. Соңғы жылдары еліміздің бюджеттік кеңістігінде кеңею тенденциялары байқалуда. Бұл өз кезегінде осы тенденция­лар­дың нақты негізі туралы түрлі сауалдар туындатады. Неге?

3. Алғашқы қор нарығы нақты секторда нөлге жуық белсенді­лікті және микрокредиттік ұйым­дар мен инвестициялық компа­ниялардың белгілі бір бел­­­сен­­ділігін көрсетуді жалғас­тыру­да.

4. Соңғы жеті жылда бюджет­тің шикізаттық емес тапшылығы екі есе өсті.

5. Көптеген елдерде, әсіресе Еуропада бизнеске қарағанда халыққа берілетін несиелер көбі­рек. Корпоративтік порт­фель­дің үстемдігі дамушы елдерге немесе қаржы жүйесін құру жолына таяу­да түскен елдерге көбірек тән.

6. Кейбір макроэкономи­калық және қаржылық көрсет­кіштер ағымдағы ақша-несие саясаты стратегиясының белгілі бір тиімділігін көрсетеді.

Автор баяндамасында ұлттық экономика өсуінің негізі ретінде кәсіпкерлік ортаның эмис­сиялық белсенділігін ынталан­дыру үшін инвестициялық жағ­дай жасау, сондай-ақ даму бағ­дарларын анықтауда мемле­кеттік ресурс­тарды тиімді пайда­лануға назар аударған. Бұдан өзге, ЖІӨ өсімі мен қазақстан­дық өнімдердің экспортын біріктіретін серпінді өндірістік және инфрақұры­лымдық жоба­лар­ды іске қосуға, кірісті инк­люзивті емес бөлуді тегістеуге бағытталған салық салу меха­низмін құруға көңіл бөлді. Бұл ішкі ресурстарды боса­туға және оларға инвестициялық мазмұн беруге мүмкіндік туғыза­ды. Бір айта кетерлігі, баяндама қызу пікірталас тудырды. Оған клуб мүшелерінің барлығы бел­сене қатысты. Мысалы, Экономи­ка және бизнес жоғары мектебінің профессорлары М.Төле­генова, М.Спанов, Е.Жат­қанбаев, Р.Сағиевалар келді. Сонымен бірге Әлемдік эко­номика және халықаралық қатынастар инс­титутының дирек­торы, экономи­ка ғылымының докторы А.Арупов, С.Демирель университе­тінің профессоры, экономика ғылымының докторы, профессор Б.Тәтібеков, э.ғ.к. А.Джулаева, доцент м.а.,PhDД.Рахматул­лаева және басқа да зерттеуші ғалымдар қатысты.

– Осы күнге дейін клубтың екі отырысын өткіздіңіздер. Қорытындысы туралы не айта­сыз?

– Клубтың алғашқы екі отырысы мен оның нәтижелері әріптестеріміздің көпшілігі елі­мізде болып жатқан экономика­лық процестерді сауатты сарап­тап, оларға баға беріп, жетілдіру бойынша орынды ұсыныстар жасай алатынымен көзге түсті. Бұл кездесулерде біз клуб жұмысы туралы ойларымызды апробациялау ретінде қарастыр­дық және біздің ойымызша, олар жақсы деңгейде өтті.

– Талқы нәтижелерін тиісті министрліктерге, үкімет пен парламентке жіберу ойлары­ңызда жоқ па?

– Әзірге біз тиісті министр­ліктерге, үкіметке талқыланған тақырыптар бойынша өз тұжы­рым­дарымызды, нақты ұсыныс­тарымызды жіберуді тоқтатып отырмыз. Өйткені материалдар біздің мұрағатымызда сақта­лады. Сондықтан ортаға түскен тақырыптарға, ондағы көтеріл­ген мәселелерге егжей-тегжейлі тал­қылау үшін тағы бір рет оралуды жоспарлап отырмыз. Клуб оты­рысының материалда­рын мұқият өңдегеннен кейін тиісті мемле­кеттік органдарға ең маңызды нәтижелерді жет­кізу үшін тиісті шаралар қа­былдан­бақшы. Келесі клуб отырысынан бастап Қазақ­стан­ның экономикалық және әлеу­меттік мәселелерін талқы­лау­дың егжей-тегжейі мен сер­пінді мате­риалдар әлеуметтік желіде жарияланады. Сол кезде пікірта­лас клубының түсірілімін көргісі келетіндерге тиісті сілтеме береміз.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ