Ұмытылмас әсер қалдырған байқау

Мен бұл эссе байқауы туралы университетімдегі корей тілінің оқытушысы, профессор Джанг Вонки арқылы білдім. Білген соң байқауға қатысып, эссе жазып көруді жөн көрдім. Алғашында маған эссе жазу қиын дүние болып көрінді. Алайда шығармамды жазу барысында шабыттанып, өзімнің жеке тәжірибем, сондай-ақ Қазақстанда тұратын корей диаспорасының отанымыздың дамып өркендеуіне сіңірген еңбегі туралы жазғым келді. Мен үшін өз туындымда корей халқы мен оның салт-дәстүрлері, жергілікті егде жастағы корей ұлты өкілдері сөйлейтін ауызекі тіл туралы жазу маңызды болды. Эссені жазып аяқтаған соң, берілген шығармамның мазмұны мен құрылымы жөнінде оқытушыммен кеңестім. Сөйтіп шығармамның кейбір жерлерін түзетіп, аздап өңдеп, байқауға жібердік. 10 қараша күні Корея Республикасы Елшілігі жанындағы Білім орталығында марапаттау рәсімі мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мен ол жерде өз эссемнен үзінді оқып, арнайы марапатқа ие болдым.
Мен үшін бұл байқауға қатысу құнды тәжірибе болды. Байқауға қатысу нәтижесінде көптеген жаңа нәрселерді үйрене алдым. Байқауға қатысу мен үшін өз өміріме қатысты дүниелер мен Қазақстандағы корей диаспорасының тұрмыс-салты тақырыбын бір шығармаға біріктіру мүмкіндігіне иелену болды десе болады. Әлбетте, эсседе менің қозғай алмаған тағы да көп тұстар бар. Сондықтан алдағы уақытта маған бұл тақырыпты тереңірек зерттеу қажет деген пікірдемін. Мен үшін эсседе өз өмірімдегі оқиғаларды, сондай-ақ корей диаспорасының тұрмыс-тіршілігін сипаттау өте қызықты болды. Менің ойымша, жергілікті корей диаспорасы Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы аталмыш «көпір» бола алады, сондай-ақ екі елдің бір-бірін жақсы түсініп, өзара қарым-қатынасын одан әрі нығайтуларына септігін тигізеді. Болашақта өзімнің алған осы біліміммен көп адаммен бөлісе аламын деген үміттемін. Осындай эссе байқауына қатысуға мүмкіндік берген корей ұлттық KBS радиосына, сондай-ақ корей тілі бойынша білімім мен біліктілігімді арттыруға үлес қосқан, маған батылдық беріп, байқау барысында қолдау көрсеткен профессор Джанг Вонкиге үлкен алғысымды білдіремін!
Пак Лия, Қиыр Шығыс кафедрасы, корейтану бөлімі, «6В02302-Шетел филологиясы» мамандығының 3-курс студенті
Басқа жаңалықтар

