“Жаңа Жібек жолы” БҰҰ Моделі ұйымы “Orange the World” атты акциясын өткізді.
29 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде “Жаңа Жібек жолы” БҰҰ Моделі ұйымы “Orange the World” атты акциясын өткізді. Бұл бастама гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік жаһандық кампания аясында ұйымдастырылды.
Биылғы негізгі тақырып - цифрлық кеңістіктегі гендерлік зорлық-зомбылық, бұл мәселе онлайн ортада қауіпсіздік пен адам құқықтарын қорғаудың өзектілігін көрсетеді.
Жиынға университет студенттері мен жас белсенділер қатысып, әйелдер мен қыздардың құқықтарын нығайтуда білім беру, ынтымақтастық және ортақ жауапкершіліктің маңызын талқылады. Қатысушылар қауіпсіз қоғам қалыптастыру үшін мемлекет, халықаралық ұйымдар және жастардың бірлесе әрекет етуі қажеттігін атап өтті.
Ашылу салтанатына:
● Властимил Самек - БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі;
● Лейла Деловарова - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы БҰҰ Ақпараттық ресурстық орталығының директоры
қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Олар гендерлік зорлық-зомбылықпен күрестің халықаралық күн тәртібінде маңызды орын алатынын және цифрлық технологиялардың дамуымен бұл тақырыптың жаңа қырлары пайда болатынын айтты.
Бағдарлама аясында үш тақырыптық комитет жұмыс жүргізді:
● БҰҰ Даму бағдарламасы - қақтығыстан кейінгі қалпына келу мен тұрақты даму стратегияларына гендерлік теңдік қағидаттарын енгізу;
● БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі - әйелдер мен қыздарды онлайн-қудалау мен цифрлық зорлықтан қорғау;
● ЮНИСЕФ - кәмелетке толмағандардың ерте некеге түсуінің алдын алу және қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін талқылау.
Комитеттердің талқылаулары нәтижесінде бірқатар ұсыныстар жасалып, жастардың қауіпсіз әрі әділетті қоғам құрудағы рөлі ерекше атап өтілді.
Басқосу соңында қатысушылар әр адамның зорлық-зомбылықтан еркін, қауіпсіз ортада өмір сүруге құқылы екенін атап, осы бағытта жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.




Басқа жаңалықтар