Филология факультеті – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1937 жылы құрылған ең ежелгі факультеттерінің бірі. Бүгінде асқақ Алатаудың гүл жайнаған бөктеріндегі ҚазҰУ қалашығында орналасқан факультетте студенттердің білім алуына толық жағдай жасалған. Қазіргі уақытта факультет құрамында алты кафедра болса, соның бесеуі: А. Байтурсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасы, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы, Орыс филологиясы және әлем әдебиеті, Түркітану және тіл теориясы, Шетел филологиясы және аударма теориясы кафедралары мамандар даярлау үдерісін жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Шет тілі кафедрасы университет факультеттеріндегі әлем тілдерін сапалы оқытуда. Сонымен қатар факультет іргелі шығармашылық одақтармен, ғылыми-зерттеу институттарымен келісімшарт негізінде тығыз байланыс жасауда. Білімгерлердің мамандану тәжірибелері осынау ғылыми-шығармашылық ортада өтеді.
Кафедралар мен институт, лабораторияларда нәтижелі ғылыми зерттеулерімен елімізге танымал ғалым-ұстаздар еңбек етуде. Олардың қатарында филология ғылымының докторы, профессорлар Берікбай Сағындықұлы, Элеонора Сүлейменова, Светлана Әшімханова, Жанғара Дәдебаев, Жұмат Тілепов, Зейнол-Ғабден Бисенғали, Аслан Жақсылықов, Баян Жолдасбекова, Темірғали Есембеков, Гүлдархан Смағұлова, Гүлмира Мәдиева, Алма Абдулина, Ольга Әбішева, Әнуар Тарақов, Анар Салқынбай, Дина Әлкебаева, Ольга Алтынбекова, Алуа Темірболат, Жанар Ибраева есімдерін атауға болады.
Факультетте заман талабына сай халықаралық байланыс жақсы жолға қойылған. Академиялық ұтқырлыққа да ерекше назар аударылып отыр. 2016-17 оқу жылында шетелден келген білікті профессорлар және оқытушылар: Н.Снодргас (АҚШ), Сэт Агбо (Канада), Маргарет Дорлайн (Голландия), М.Хэнкок (АҚШ), Анатолий Ким (Ресей), Рафаэль Велез-Нунез (Испания), М.Нусье (Франция), Наджип Йылдыз (Түркия), Эдгар Хоффман (Австрия) ағылшын, француз, неміс, түрік, испан тілдерінде бір жыл көлемінде студенттер мен магистранттарға сабақ берді.
Жыл сайын америкалық студенттер флагмандық бағдарлама бойынша білім алады. Болашақта бұл үрдісті дәстүрге айналдыру – басты мақсаттың бірі. Ресей халықтар достығы, Испанияның Гранада университеттерімен бірлескен қосдипломдық магистрлік және докторлық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Екі шет тілі мамандығының студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасымен бір семестр көлемінде Зальцбург университеті (Зальцбург, Австрия), Вена экономика және бизнес университеті (Вена, Австрия), Пекин шет тілдер университеті (Қытай), Адам ресурстарын дамыту университеті (Венгрия), Ноттингем университеті (Ұлыбритания), Гази университеті (Түркия), М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (Ресей), РХДУ Шетел тілдері университетінде (Ресей) ақысыз білім ала алады.
Факультет студенттері, магистранттары мен докторанттары жыл сайын міндетті түрде мемлекет қаржысымен Ыстамбұл (Түркия), Гумбольдт атындағы (Германия), Гранада (Испания), Будапешт (Венгрия), Еуразиялық академия (Словакия), Пусан шет тілдері (Оңтүстік Корея), Утрихт, Амстердам (Нидерланды), Ұлы Витаутас атындағы (Литва) университеттеріне тәжірибелік іссапарларға жіберіліп отырады.
ТДМ жарияланымдар
ТДМ