1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні

2025 жылғы 1 мамырда Алматыдағы Республика сарайы алдында Қазақстан халқының бірлігі күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай кең көлемде мерекелік іс-шаралар өткізілді. Алматы қаласының әкімдігі Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық халықтарының және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен ерекше мәдени көрмелер ұйымдастырды. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама да өткізілді.
Алматы қаласындағы «Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Огузхан Абдулкаримнің бастамасымен, сондай-ақ орталықтың өкілдері – Аннакулиева Гүлнара Атаевна, Бактыбаев Рүстем Ходжанепесович, Бактыбаева Мейрамкүл Атембековна, Курбанова Қарлығаш Абдуллаевна, Курбанбаева Айнаш Амангельдиевна және Отесинов Әділбек Өмірзақович, Кыдырбекулы Дулатбек Балгабекович, Рахманова Рахиляның қолдауымен көрме ұйымдастырылды. Аталған іс шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінің Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушылары Оңғарбаева М.С. және Азимбаева И.К. жетекшілігімен «6B02303 – Шетел филологиясы (батыс тілдері)» білім беру бағдарламасының 2-курс Түрікменстандық студенттері қатысып өз елінің ұлттық құндылықтарын таныстырып, қолданбалы өнер туындыларын және тарихи мұраларды таныстырып, ұлттық ән мен би арқылы түрікмен халқының бай мәдениетін көпшілікке ұсынды.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жастардың белсенділігі мен мәдени іс-шараларға атсалысуын жоғары бағалады. Ол өз сөзінде халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті дамыту – елдің тұрақты дамуы мен бейбіт болашағының негізі екенін атап өтті. Көрме – халықтар арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтудың, достықты тереңдетудің және жаһандық ынтымақтастыққа негіз болатын көпір салудың жарқын үлгісі болды. Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының №17 бағыты – "Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік" қағидаттарымен үйлеседі.
ҚазҰУ-дің студенттері бұл көрмеге белсене қатысып, түрікмен халқының мәдениетімен танысып, мәдениетаралық диалог пен халықаралық серіктестіктің маңызын терең сезінді. Мұндай шаралар жастардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, ұлттар арасындағы достық пен бейбіт өмір сүру қағидаттарын терең түсінуге септігін тигізеді.
Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы
Азимбаева И.К., Оңғарбаева М.С.
Басқа жаңалықтар

