«DIGITAL FARABI – 2025»: Жасанды интеллект – экономиканың болашағы

2025 жылдың 26 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «DIGITAL FARABI 2025» атты Қазақстан экономикасының дамуындағы жасанды интеллект пен жоғары өнімді технологияларға арналған III Халықаралық форум өтуде.
Форумның салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасының ылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚазҰУ ректоры, академик Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің ел дамуына қосатын үлесі жайында атап өтті. Олар ғылым мен білімнің синергиясы арқылы Қазақстанды цифрлық трансформациялаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Форум аясында NVIDIA, ASUS, UWEE Group, Kaspersky сынды халықаралық ІТ-индустрия алпауыттарының өкілдері сөз сөйлеп, қазіргі заманғы технологиялық трендтер, жасанды интеллекттің өндіріс, қаржы, қауіпсіздік салаларындағы рөлі туралы баяндамалар жасады.
Іс-шараға ҚазҰУ-дың Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушылары Рашева Г., Тоқтыбеков Т. сондай-ақ осы бағытта зерттеу жүргізіп жүрген магистранттар да қатысты. Олар үшін бұл форум – тәжірибе алмасудың, жаңа білім көкжиегін ашудың және болашақ кәсіби бағдарды айқындаудың тамаша алаңы болды.
«DIGITAL FARABI 2025» форумы Қазақстанның цифрлық дәуірге қадам басуындағы маңызды оқиғаға айналды. Жасанды интеллект пен жоғары өнімді технологиялардың әлеуеті отандық экономика мен құқықтық реттеудің жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік береді.
Басқа жаңалықтар


