
2025 жылдың 24-25 сәуірінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бастамасымен Түркі әлемі географтарының ІІ халықаралық конгресі өтті. Бұл ірі ғылыми шара Түркі әлемінің ортақ географиялық кеңістігін жан-жақты зерттеуге, экономикалық, әлеуметтік, саяси және экологиялық мәселелерді бірігіп шешуге бағытталған маңызды қадам болды. Конгресс барысында Түркі халықтарының арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға, ортақ мәселелерді шешуде бірлескен тәсілдерді әзірлеуге баса назар аударылды.
Конгрестің негізгі бағыттары
Конгресс жұмысы бірнеше өзекті бағытты қамтыды:
- Білім беру жүйесін жетілдіру. Түркі елдері арасындағы білім алмасу механизмдерін дамытып, география ғылымының заманауи талаптарына сай кадр даярлау мәселесі қарастырылды. Білім беру саласында ортақ оқу бағдарламаларын әзірлеу, студенттік және оқытушылық алмасу жобаларын кеңейту ұсынылды.
- Су ресурстарын басқару. Түркі мемлекеттерінің көпшілігі су тапшылығының күрделі мәселесіне тап болуда. Конгресс аясында трансшекаралық өзендер мен су қоймаларын тиімді басқару, суды үнемдеу технологияларын енгізу тәжірибелері талқыланды.
- Шөлейттену үдерістерінің алдын алу. Қатысушылар шөлейттену мен жердің тозуына қарсы күресудің ортақ стратегияларын ұсынды. ылыми баяндамаларда климаттың өзгеруі салдарынан түркі елдеріндегі агроэкологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы және оны қалпына келтіру әдістері талданды.
- Табиғи қауіп-қатерлерді болжау. Түркі әлеміндегі сейсмикалық қауіпті аудандар мен су тасқыны, құрғақшылық сияқты табиғи апаттарды болжау мен алдын алу бойынша бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру қажеттілігі атап өтілді.
- Табиғи ресурстарды цифрлық технологиялар арқылы басқару. Жерді қашықтықтан зондтау, геоақпараттық жүйелерді (ГАЖ) қолдану арқылы табиғи ресурстарды тиімді әрі тұрақты басқарудың маңыздылығы көрсетілді.
- Тарихи-мәдени мұраны сақтау және туризмді дамыту. Түркі халықтарының ортақ тарихи мұраларын сақтауда географиялық әдістерді қолдану, осы мұраларды экотуризм және мәдени туризм арқылы кеңінен насихаттау жолдары ұсынылды.
- Түркі халықтарының географиялық кеңістіктегі өзара байланысын зерделеу. Түркі халықтарының тарихи көші-қон үдерістері, сауда жолдары мен мәдени байланыстары ғылыми тұрғыда зерттеліп, олардың бүгінгі күнгі геосаяси және мәдени ықпалдастыққа әсері талданды.
Халықаралық ынтымақтастықтың нығаюы
Конгресс аясында маңызды тарихи оқиға орын алды: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры, академик Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы мен Бұхара мемлекеттік педагогика институтының ректоры Мамуров Бахадыр Бахшуллаевич ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат екі жоғары оқу орны арасында ғылыми зерттеулерді бірлесе жүргізуді, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамытуды және бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруды көздейді.
Меморандум – тек екі университет арасындағы келісім емес, ол бүкіл түркі әлемінің ғылым мен білім саласындағы интеграциясының нақты көрінісі. Осы ынтымақтастық нәтижесінде түркі елдері ғалымдарының бірлескен зерттеу жобаларының саны артып, ортақ ғылыми кеңістіктің қалыптасуына ықпал етуі күтілуде.
Конгрестің геосаяси маңызы
Түркі әлемі елдері арасындағы ғылыми байланысты нығайту, ортақ экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу — бүгінде аймақтық тұрақтылық пен экономикалық дамудың басты алғышарттарының бірі. Геосаяси тұрғыдан алғанда, түркі халықтарының интеграциясы аймақтағы саяси, экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл интеграция Тұран кеңістігіндегі елдердің халықаралық беделін арттыруға және жаһандық геосаяси жүйеде өз орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Конгреске келген қонақтар қазіргі таңдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі 33 ғылыми орталық пен 145 зертханалар туралы мағлұмат алып, «FARABI HUB» орталығында орналасқан заманауи зертханаларды, сонымен қатар география және табиғатты пайдалану факультетіндегі 10 инновациялық зертханадан тұратын «Тұрақты даму және табиғатты тиімді пайдалану» ғылыми орталығын аралап көріп, ризашылықтарын білдірді.
Түркі әлемі географтарының ІІ халықаралық конгресі — Түркі халықтарының ортақ табиғи, мәдени, ғылыми және білім беру кеңістігін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл конгресс ғылым мен тәжірибені ұштастыру арқылы Түркі елдері арасындағы географиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады.
Мылқайдаров Әлім Төлекұлы, г.ғ.к.
География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасы
Басқа жаңалықтар

