
Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы – еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің, өзара түсіністік пен келісімнің тағы бір айқын дәлелі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен бұл жиын Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, ерекше тарихи мәнге ие болды.
Сессия барысында еліміздегі этносаралық татулықты нығайтудағы Ассамблеяның рөлі айқын көрсетілді. Қоғамдық келісімді сақтау, мәдени әралуандықты құрметтеу, жастардың белсенділігін арттыру және этномедиация мен қайырымдылық бағытындағы жұмыстар алдағы уақыттың басты міндеттері ретінде белгіленді.
Мен үшін бұл іс-шараның маңыздылығы екі есе арта түсті, өйткені сессияға менің оқу орнымның ректоры, құрметті Жансейіт Түймебаев мырза да қатысты. Оның қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту жолындағы белсенді қызметі бізге – жас ұрпаққа үлгі. Ректорымыздың жоғары деңгейдегі іс-шарада сөз сөйлеуі университетіміздің беделін арттырып, бізді үлкен мақтанышқа бөледі.
Осы сессиядан алған әсерім өте жоғары. Мұндай іс-шаралар – Қазақстанның тұрақты дамуы мен жарқын болашағына деген сенімді нығайтады.
Бекмашева Б.Н.
Басқа жаңалықтар


