Қиыр Шығыс кафедрасында жазушы Ча Сэ Ринмен шығармашылық кездесу өттіFarabi University

51

Қиыр Шығыс кафедрасында жазушы Ча Сэ Ринмен шығармашылық кездесу өтті

23 сәуір, 2025

2025 жылғы 23 сәуірде Қиыр Шығыс кафедрасында  Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен корей жазушысы, "Жасырын әлемнің сыры" кітабының авторы Ча Сэ Рин корейтану бөлімінің студенттерімен кездесті.

Шара Солтүстік Кореяның аумағынан түсірілген фотосуреттерден құралған көрмемен ашылды. Көрме көрермендерге Солтүстік Корея азаматтарының шынайы тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін, сирек кездесетін сәттерді ұсынды.

Кездесу барысында жазушы өз кітабының басты кейіпкері — қазіргі таңда Ұлыбританияда өмір сүріп жатқан Солтүстік Кореядан шыққан босқын Пак Джи Хеннің тағдыры туралы баяндайтын документальды киноның үзіндісімен басталды. Ол тарихи деректер мен жеке куәліктерге негізделген әңгімелер арқылы Солтүстік Корея қоғамындағы өмір шындығын, қарапайым азаматтардың күнделікті кездесетін қиындықтарын және сол қиындықтардың адам тағдырына қалай әсер ететінін баяндап берді.

Ча Сэ Рин атап өткендей, бүгінгі таңда Солтүстік Корея – әлем қауымдастығы үшін жұмбақ әрі жабық ел болып қалып отыр. Ақпараттың шектеулілігі мен сыртқы әлеммен қарым-қатынастың аздығы бұл ел туралы объективті әрі терең түсінік қалыптастыруды қиындатады. Осы тұрғыда "Жасырын әлемнің сыры" кітабы – көпшілік үшін беймәлім қоғамның шымылдығын түріп, оқырманды оның көлеңкелі шынайылығымен таныстыратын бірегей туынды болып табылады.

Кездесу соңында студенттер жазушыға мазмұнды сұрақтар қойып, Солтүстік Корея тақырыбына қатысты өз қызығушылықтарын білдірді. Автор да өз кезегінде зерттеу барысындағы жеке тәжірибесімен, кездескен қиындықтарымен және кітап жазу үдерісімен бөлісті.

Іс-шара корейтануға қызығушылық танытатын жас буын үшін ерекше маңызы бар рухани кездесу болып, оларды тереңірек ойлауға және тың зерттеулерге шабыттандырды.