ТДМ-4: «Ең үздік студент – 2025» жобасы өз мәресіне жетті

Университетімізде «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен 11 сәуір күні «Ең үздік студент – 2025» жобасы өз мәресіне жетіп, қорытынды марапаттау кеші өтті.
«Ең үздік студент – 2025» жобасының қорытындысы бойынша:
I орын – физика-техникалық факультетінің студенті Бекенов Мұстафашәмші. Ол ең үздік студент атанып, 3 шәкіртақы көлеміндегі қаржылай сыйақының жеңіп алды.
II орын – механика-математика факультетінің студенті Какен Ерасыл. Ол 2 шәкіртақы көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды.
III орын – Экономика және бизнес жоғары мектебі Битанова Аянаға бұйырды. Ол 1 шәкіртақы көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды. Сонымен қатар қатысушы студенттердің барлығы алғыс хатпен марапатталды.
Жалпы жоба 3 кезеңнен тұрды:
І кезең – «Видео сайыс». Бұл кезеңде студенттер өздерін таныстырып, таңдаған мамандықтарының ерекшеліктерін жан-жақты таныстырды. Әр қатысушы өзінің кәсіби қызығушылықтарын, болашақтағы мақсаттарын шығармашылық тұрғыда көрсете білді. Видео арқылы студенттер өздерінің білімге деген ынтасын, қабілеттерін және мамандыққа деген сүйіспеншілігін айқын көрсетті. Бұл кезеңге барлығы 17 студент қатысып, ерекше дайындықтарын паш етті.
ІІ кезең – «Brain Ring». Бұл кезең студенттердің білім деңгейін, логикалық ойлау қабілетін және шапшаң жауап беру дағдыларын тексеретін қызықты әрі тартысты сайыс болды. Қатысушылар түрлі пәндер мен жалпы эрудицияға байланысты сұрақтарға жауап беріп, өздерінің тапқырлығын, есте сақтау қабілетін және жылдам шешім қабылдау шеберлігін көрсетті. Бұл кезеңге 15 студент қатысып, өзара білім мен ақыл-ой бәйгесінде бақ сынасты.
ІІІ кезең – «START UP», яғни жоба қорғау сайысы. Бұл кезеңде студенттер ҚазҰУ-дың дамуына өз үлестерін қоса алатын инновациялық жобаларын ұсынды. Қатысушылар креативті ойлау қабілеттерін, жаңашыл идеяларды жүзеге асыру шеберлігін және жобаларын қорғау дағдыларын көрсетті. Әр студент өз жобасын таныстырып, оның университет өміріне тигізер пайдасын жан-жақты дәлелдеуге тырысты. Бұл кезеңге 11 студент қатысып, өздерінің тапқырлығы мен бастамашылдығын айқын көрсете білді.
Барлық қатысқан студенттерге өз алғысымызды білдіреміз!