ҚазҰУ - дағы халықаралық көрме болашаққа жол ашты

20 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында ерекше мазмұнды, ауқымды шара – «Қытайда білім алу және қытай тілі емтиханы (HSK)» тақырыбындағы ІІ Қытай университеттерінің көрмесі өтті. Бұл игі бастама Халықаралық қытай тілі тест орталығы мен ҚазҰУ-дың бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асып, білімге құштар жастар мен академиялық қауым үшін маңызды платформаға айналды.
Көрменің басты ерекшелігі – Қытайдың көшбасшы және әлемдік беделге ие 40-қа жуық жоғары оқу орнының өкілдері Алматыға арнайы келіп, өздерінің білім ордалары туралы жан-жақты мәліметтер ұсынды. Олар тек ақпарат беріп қана қоймай, халықаралық бағдарламалар бойынша оқуға түсу мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі таныстырып, талапкерлерге арналған қабылдау талаптарын да түсіндірді. Бұл – шет елде білім алуға ниетті жастар үшін тың серпіліс, ал университеттер үшін – жаңа серіктестік көкжиегі.
Көрме барысында Қытай университеттері өздерінің басты құндылықтарының бірі – білікті әрі қытай тілін жетік меңгерген мамандарды жұмысқа тарту саясатын да таныстырды. Бұл өз кезегінде болашақ түлектерге біліммен қатар мансаптық мүмкіндік те сыйлайтынын көрсетті.
Шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканның ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары К.Келдебеков пен факультет тыңдаушылары да белсенді қатысты. Тыңдаушылар көрмеден Қытайда білім алу бағдарламалары туралы тың ақпараттар алып, алдағы оқу жоспарларын нақтылау мүмкіндігіне ие болды.
Кездесу аясында декан орынбасары К.Келдебеков қытайлық университеттердің өкілдерімен болашақта бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылап, екіжақты серіктестік орнатуға ниетті екенін білдірді.
Басқа жаңалықтар


