Абай ҒЗИ-да өткен интерактивті дәріс

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ҒЗИ-да Абайдың 180 жылдығы аясында «АБАЙ ІЛІМІ» пәні бойынша «ЫСТЫҚ ҚАЙРАТ, НҰРЛЫ АҚЫЛ, ЖЫЛЫ ЖҮРЕК: ТОЛЫҚ АДАМ ҚАСИЕТТЕРІ» тақырыбында ашық дәріс өтті. ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында дайындалып, оқыту үдерісіне енгізілген «Абай ілімі» пәні ҚазҰУ-да 2021-2022 оқу жылынан бастап жүргізіле бастады және жақсы нәтиже беріп келеді.
Абай ҒЗИ-дың қауымдастырылған профессоры, филол.ғыл.кандидаты Ләйла Мұсалының бұл дәрісі интерактивті форматта өтті. Дәрістің алғашқы кезеңінде тақырыптық презентацияда ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың "Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласындағы толық адам туралы сөзін талдап, Абайдың толық адам концепциясының өзектілігін атап өтті. Студенттер Абай ҒЗИ сайтындағы " Абайтану. Таңдамалы дәрістер" сериясы бойынша көрнекті абайтанушы Мекемтас Мырзахметовтың дәрісінен үзінді тыңдады. Дәріскер студенттерге Абай Құнанбайұлының "Малға достың мұңы жоқ малдан басқа" өлеңі бойынша арнайы лингвопоэтикалық талдау тапсырмасын ұсынды. Студенттердің екі топқа бөлініп, әр шумақ бойынша идеясы мен мазмұны бойынша бір-біріне сұрақтар қойып, өздері қорытынды жасады. Осы өлеңнің соңғы шумағындағы «ЫСТЫҚ ҚАЙРАТ, НҰРЛЫ АҚЫЛ, ЖЫЛЫ ЖҮРЕК» деген эпитеттердің мағынасын түсіндірді. Толық адам қасиеттерін әр топ студенттері өз тарапынан толықтырды.
Сабақтың соңғы кезеңінде студенттер Абайдың "Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат" өлеңі бойынша челленж орындап, өлең идеясын қысқаша түйіндеп айтты. Дәріскер, доцент Л.Ж.Мұсалы сабақты қорытындылап, студенттердің жауаптарына баға беріп, белсене қатысқандарды атап өтті. Ашық дәріс студенттер үшін қызықты да, пайдалы болды.
А.Кенжеқожаева, Абай ҒЗИ -дың ғылыми қызметкері
Басқа жаңалықтар

