ҒЫЛЫМНЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕКТЕРІН АШУ: СТУДЕНТТЕР МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ

2025 жылдың 11 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «ылыми-зерттеу қызметінде жасанды интеллектті пайдалану» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Іс-шараның ұйымдастырушылары мен модераторлары ретінде Мемлекет және құқық теориясы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушылары – заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.А. Кегембаева және заң ғылымдарының магистрі Ұ.Б. Абдықадыр сөз сөйледі.
Семинар Қазақстанда жыл сайын 12 сәуірде атап өтілетін ылым қызметкерлері күніне орай өткізілді. Бұл күн – қазақтың көрнекті ғалымы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тікелей байланысты. Бұл – ғылым жолына адал қызмет еткен ғалым еңбегіне деген құрметтің, білім мен зерттеуге деген құштарлықтың символына айналған күн.
Семинар барысында жасанды интеллекттің ғылыми-зерттеу қызметінде қолданылу мүмкіндіктерінен бөлек, қазіргі қоғамдағы ғалым мәртебесі, ғылыми саясаттың басым бағыттары, жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру, академиялық адалдық пен шығармашылық ізденіс құндылықтарын ілгерілету секілді кең ауқымды мәселелер талқыланды.
Іс-шара модераторлары цифрлық дәуірде ғылымның қоғамдағы маңыздылығы артып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет тарапынан жас ғалымдарды қолдау, ғылыми инфрақұрылымды жаңарту, академиялық еркіндікті кеңейту және кадр даярлау жүйесін жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Мұның барлығы жастардың ғылымға бет бұруына жол ашуда.
Семинарға заң факультетінің 1 курс студенттері белсене қатысты. Оларға ғылыми-зерттеу барысында қолдануға болатын заманауи цифрлық құралдар көрсетілді. Студенттер жасанды интеллект арқылы ақпарат іздеу, мәтінді талдау, ғылыми гипотеза жасау және зерттеу жазбаларын дайындау мүмкіндіктерімен танысты. Бұл семинар көптеген студенттер үшін ғылыми ізденіс жолындағы алғашқы қадамға айналды, кәсіби бағдар беріп, ғылыми бағытта дамуға ынталандырды. Студенттер өз пікірлерін ортаға салып, оқытушылармен еркін пікір алмасты.
"Мемлекет және құқық теориясы, конституциялық және әкімшілік құқық" кафедрасы
Басқа жаңалықтар

