- Басты бет
- Жаңалықтар
- Шетелде ғылыми тағылымдамадан өту - менің ғылыми тәжірибемді арттырып, білім көкжиегімді кеңейтті.
Шетелде ғылыми тағылымдамадан өту - менің ғылыми тәжірибемді арттырып, білім көкжиегімді кеңейтті.

Қытайдың Сиань қаласындағы Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетіндегі тағылымдама менің академиялық және ғылыми жолымдағы құнды кезең болды. Қытайдың ауыл шаруашылығы саласы бойынша жетекші білім беру және зерттеу университеттерінің бірінде тағылымдамадан өту арқылы мен өз білімімді тереңдетіп, кәсіби әрі ғылыми дағдыларымды дамыту мүмкіндігіне ие болдым.
Тағылымдама халықаралық ғылыми бағдарлама аясында өтті, онда мен университеттің жетекші зерттеуші-ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істедім. Бұл маған заманауи ғылыми әдістермен және ғылыми мәселелерді шешудің озық тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, семинарлар мен дәрістерге, конференцияларға қатыстым. Бұл менің ғылыми танымымды кеңейтіп, сол университете білім алып жатқан шетелдік және Қытайлық әріптестермен пікір алмасуға себеп болды. Сонымен қатар, университеттің бай қоры бар кітапханасы және ғылыми зерттеу орталықтарымен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Бұл теориялық білімімді жетілдіріп, ғылыми материалдар қорын толықтыруға көмектесті. Тағылымдама барысында алынған нәтижелер менің ғылыми жұмысымды жақсартуға және халықаралық журналдарға жарияланымдар дайындауға септігін тигізді.
Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетіндегі тағылымдама нәтижесінде мен теориялық және практикалық білімімді байытып қана қоймай, ғылыми мақала дайындадым. Бұл мақала менің академиялық ғылыммен кәсіби түрде айналысу жолымдағы маңызды қадам болды. Мақала жазу барысында мен тағылымдама кезінде алған әдістер мен тәсілдерді ғылыми мәселелерді шешуде қолдандым, сондай-ақ менің Қытайдың агралық саясаты бойынша зерттеу саламдағы дамып келе жатқан тақырыптарға терең бойлай алдым.
Университеттегі жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрам мен шетелдік ғылыми жетекшім профессор Вэй Фэн ханымның маған деген достық қамқорлығын ерекше атап өткім келеді. Бұл жолғы шетелдік тағылымдама сапары мені болашақ ғылыми қызметке шабыттандырып, халықаралық байланыстар орнатуға итермеледі. Бұл байланыстар мен тәжірибе менің кәсіби мансабымда сөзсіз маңызды рөл атқарады.
Шарыпқазы Н.
Қытайтану кафедрасының PhD докторанты
Басқа жаңалықтар

