Арманнан шындыққа дейін: менің Жапонияға сапарымFarabi University

51

Арманнан шындыққа дейін: менің Жапонияға сапарым

7 сәуір, 2025

Баршаңызға сәлем! Менің аты-жөнім Сағымбек Абен. 5-семестрде мен академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Жапонияға барып келдім. Жапонияға бару менің бала кезден бергі арманым болатын. Алғашқы күні мен тура бір кішкентай бала сияқты қуаныштан секіріп жүрдім. Бұл елде бәрі маған ерекше әрі керемет болып көрінді. Мен нағыз мәдени шокты бастан өткердім, бірақ ол өте жағымды болды.

Мен Токио қаласындағы София университетінде оқыдым. Сабақтар жапон және ағылшын тілдерінде өтті. Тек тілді ғана емес, сонымен қатар дипломатия, саясат және дін салаларын да оқыдым. София университеті –    Жапониядағы ең беделді жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі. Академиялық тәжірибе барысында мен жапон студенттерімен қатар, шетелдік студенттермен де тығыз қарым-қатынас орнаттым. Бұл тәжірибе менің қарым-қатынас дағдыларымның артуына үлкен септігін тигізді.

Қазақстан Республикасының азаматы ретінде шетелде жүргенде халқымыздың мәдениетін танытпай қала алмадым. Өз университетім мен Токио халықаралық зерттеулер университетінің (TUFS) фестивалінде ұлттық киіммен домбыра тартып өнер көрсеттім. Осы үшін еліміздің елшілігінің Facebook парақшасына да шықтым. Достарыммен бірге елшілікте референдумға қатысып, дауыс бердік. Жатақханадағы достарыма қазақтың ұлттық тағамдарын тарту еттім. Шетелдік достарыммен бірге Шавкат Рахмоновқа жанкүйер болдық. Жалпы, Қазақстанды ең жақсы қырынан көрсетуге тырыстым.

 Оқумен қатар, мен белсенді түрде саяхаттадым. Токионың көптеген көрікті жерлерін араладым, мысалы: Tokyo Tower, Tokyo Sky Tree, TeamLab және тағы басқалары. Жапонияның ең оңтүстігінде орналасқан Окинава префектурасында болып, теңізге шомылып, жеңіл рельсті пойызбен (LRT) серуендеп, тропикалық атмосферадан ләззат алдым.

Қорыта айтқанда, бұл тәжірибе менің өмірімде үлкен із қалдырды. Өз басым бұл уақыт аралығында жан-жақты өсіп, көп нәрсеге көзім жетті деп нық сеніммен айта аламын. Осындай мүмкіндік сыйлаған елімізге және университетімізге алғысым шексіз. Бұл сапар маған үлкен шабыт сыйлады – енді елімнің дамуына өз үлесімді қосып, келешекте шетел азаматтары Қазақстанға келуді армандайтындай ел ету жолында еңбек еткім келеді.