- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінде өзекті ислам мәселелерін қарастырған көктемгі мектеп жұмысын бастады
Әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінде өзекті ислам мәселелерін қарастырған көктемгі мектеп жұмысын бастады

Сәуірдің 7-ші жұлдызы әл-Фараби кітапханасында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1155 жылдығына арналған IV Халықаралық Фараби Форумы аясында Философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасы, Халықаралық ислам ойы институты (IIIT) мен Білім интеграциясы институтының (IKI) ұйымдастыруымен «Қазіргі замандағы Ислам мұрасы» атты халықаралық көктемгі мектептің бірінші күні өтті. Көктемгі мектеп дәрістері 7-11 сәуір арасында өтеді. Аталған шараның мақсаты «Сапалы білім беру», «Гендерлік теңдік», «Тұрақты даму үшін серіктестік» тұрақты даму мақсаттарына сай келеді.
Көктемгі мектептің көрмесіне кафедра профессорлары мен оқытушылары тарапынан жазылған монография, жоба аясында жарық көрген еңбектері және жалпы Қазақстан ғалымдарының ислам зерттеулері бойынша жарияланған шығармалары қойылды. Бірінші күні қатысушылар саны 50-ден асты.
Кіріспе сөзді философия және саясаттану факультетінің деканы Мейірбаев Б.Б. бастады. Ол IV Фараби Форумы аясында ұйымдастырылған шаралармен таныстырып, маңызын атап өтті. Құттықтау сөзін философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Білім интеграциясы институтының директоры Озиев Гапур мырза жалғастырды және аталған институттың қызметі мен нәтижелеріне көпшіліктің назарын аудартты.
Көктемгі мектеп дәрісін философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Бегалинова К.К. бастады. Фәлсафа және сопылықтағы ислам мұрасына қатысты мазмұнды баяндама жасады, кандидаттық және докторлық зерттеулерінің өзегі болған тұстарын атап өтті. Онда Фараби мен Аристотельдің рухани байланысы, ибн Сина, әл-Кинди ғылыми мұрасы баяндалды.
Келесі кезекте PhD, Орта Шығыс және Ислам елдері институты, Мармара университетінің профессоры Равза Алтунташ-Чакир «Қазіргі заман және исламдық интеллектуалды жауаптар» тақырыбында баяндамалар тізбегін жалғастырды. Профессор аталған тақырыптың тарихи аспектісіне қысқаша ғана тоқталып, актуалды зерттеулер бөліміне аса көңіл аударды. Имперализмге мұсылман зиялыларының жауабы ретінде ревивализм (қайта жаңғыруы) мен реформа қозғалыстарының пайда болу себептері мен белгілі өкілдерінің өз заманында ұсынған шешімдері көрсетілді. Ислам мен модернизм ұғымдарын ашу барысында халифат түсініктеріне қатысты таласты пікірлер талданды, Равза ханым Осман халифаты құлағаннан кейінгі модернистік түсініктегі теория иелерінің көзқарастары егжей-тегжейлі анализ жасады. Сол орайда ислам әлемінің әр түкпірінен шыққан ғалымдар Рашид Рида, Али Абдурразиқ, Челебизаде Мехмед Сәйид Бей ұсынған концепциялар келтірілді. Профессордың екінші дәрісі қазіргі исламдық саяси ойдың негізгі тенденцияларын қамтыды. Ол үшін Равза Алтунташ-Чакир ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнен бастап саясат пен дін, шариғат түсінігіне қатысты мұсылман ғалымдарының типологиясын бөліп көрсетті. Типологияның әр пунктіне байланысты мәселелер мен негізгі тұлғаларының позицияларын орнықтырған соң компаративистік анализ жүргізді. Тақырыптың қызықты болғаны сондай, қатысушылар пікірлерін белсенді білдіріп отырды. Спикер баяндамасының соңында жүргізген зерттеуі бойынша, типологияда қарастырған 4 топтың көзінен қалыс кеткен ислам дәстүрінің маңызы мен аспектілеріне тоқталды.
Дәріс барысында аудитория мен дәріс берушілер арасында тығыз байланыс орнап, қызу пікір алмасу орын алды. Шарада жаңа ойлар мен пікірлер айтылды, осылайша, дінтану, исламтану зерттеушілерінен бөлек, бүгінгі қоғам мен әлемдегі жаңалықтарға қызығушылық танытатын мамандарға мол пайдасын тигізді.
Келесі дәрістерді отандық ғалымдардан дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Борбасова Қ.М., шетелдік қонақтардан Ұлыбританиядағы Ланкастер университетінің профессоры Шуруқ Нағиб, Білім интеграциясы институтының директоры, қауымдастырылған профессор Гапур Озиев, Мармара университеті Теология факультетінің профессоры Сүлейман Дерин, Босфор университеті Батыс тілдері мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Нагихан Халилоғлу, Стамбул мәдениеті университеті Экономика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Иса Йылмаз оқитын болады.
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы
Басқа жаңалықтар

