«ҚазҰУ қалашығында шырқалған әндер»

2024 жылдың 5 желтоқсан күні филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойына орай және 4-ТДМ – «Сапалы білім беру» аясында №17 студенттер үйінде «ҚазҰУ қалашығында шырқалған әндер» атты әдеби-сазды кеш болып өтті. Әдеби кешке жуырда өткен «Ханбибінің биігі» атты қазақтың аяулы ақыны Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына арналған Республикалық жыр мүшәйрасының жүлделі І орын иегері, жас ақын Сабыржан Ахан қонақ ретінде қатысты. Кеште 3-4-курс студенттері мен магистранттар университет түлектері, жарқын талант иесі Бауыржан Үсенов пен қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың өмірбаяны мен шығармашылығына тоқталды. Танымал ақындардың өз дауысымен оқыған өлеңдері мен ҚазҰУ қалашығын әсем сазымен тербеткен, сыршыл әндерін тыңдады. Студенттер аты аңызға айналған ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, әуелеген әндерін гитараның сүйемелдеуімен орындады. Қазақтың саз өнері жайлы викториналық сұрақтарға жауап беріп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Мазмұнды әрі тағылымды кеш соңында талапты жас студент ақындар өз өлеңдерін оқыды. Қазір барша қазақ сүйіп тыңдайтын Табылды Досымовтың «Сәйгүлік», Тұрар Досекештің «Таспа» әндерін бірге орындап, әсерлі кештің әдемі нүктесін қойды.
Басқа жаңалықтар
