«Шығармашылық және сын: әдебиетке жаңа көзқарас»

2024 жылдың 22 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әдебиеттану», «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенттерімен «ТДМ 4. Сапалы білім беру» аясында «Шығармашылық және сын: әдебиетке жаңа көзқарас» тақырыбында жазушы Досхан Жылқыбаймен әдеби-танымдық кездесу өтті.
Шара барысында Досхан Жылқыбай қаламынан туған «Бокетто», «Түс көре алатын робот», «Квант», «10 теңге», «Матрица» сияқты қаламгердің оқырман көңілінен орын алған, көпшілікке белгілі әңгімелері талқыланды.
Тағлымы мол кездесуге себепкер болған қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы кафедрасының ұстаздары ф.ғ.к., доцент Лейла Мекебаева мен тәжірибеден өтуші п.ғ.м., PhD докторант Светлана Уразгалиева қаламгерлік шеберлігі жайлы ой толғады.
Студенттер жазушының жекелеген шығармаларының идеялық құндылығы, пішіндік ерекшеліктері мәселелерін ортаға салды. Шығармалардағы авторлық қолданыстар, стильдік ерекшеліктер сөз болды. Осы талқының төңірегінде постмодернистік ойлаудың көріністері, оның қазақ әдебиетіндегі орны, аталмыш бағыттың әдеби айналымымыздағы аяқ алысы да аталып өтті. Постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі формалармен әзірге сіңісе алмай жатқандығы, бұл бағытта әлі де жол салынуы керектігі де талқы барысында ескерусіз қалған жоқ. Сондай-ақ, кездесудің қонағы өзінің кейбір шығармаларының шығу тарихын айтып, жазушы лабораториясының қыр-сыры жөніндегі құнды тәжірибесімен бөлісті. Студенттер жазушылық жайында, жалпы әдебиет турасында өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алып, жазушы мен оқырман арасында еркін пікір алмасу болды.
Кеш соңында Досхан Жылқыбай кездесуді ұйымдастырушылар мен оқырмандарға ризашылығын білдіріп, әдебиет әлеміндегі жас талапкерлерге ағалық лебізін айтып қорытындылады.
Басқа жаңалықтар

