Корейтану бөлімінің түлегі Кайрахметов Рустам студенттермен «Samsung» компаниясындағы қызметі барысындағы тәжірибесімен бөлістіFarabi University

51

Корейтану бөлімінің түлегі Кайрахметов Рустам студенттермен «Samsung» компаниясындағы қызметі барысындағы тәжірибесімен бөлісті

6 қараша, 2024

Мәскеудегі «Samsung» компаниясында қызмет атқаратын корейтану бөлімінің үздік түлегі Рустам Қайранбаев 4 курс студенттерімен тәжірибе алмасу мақсатында кездесу өткізді. Тұрақты даму мақсаттарының бірі – сапалы білім беруді қолдау аясында ұйымдастырылған бұл шара студенттерге кәсіби бағдар беріп, мансап жолында маңызды қадамдар жасауға қолдау көрсетуге бағытталды.

Кездесу барысында Рустам Қайранбаев корей мәдениетінің ерекшеліктері, жаһандық еңбек нарығындағы маңызы, сондай-ақ халықаралық корпорацияда жұмыс істеудің артықшылықтары мен қиындықтары туралы кеңінен әңгімеледі. Корей компаниясында жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісіп, ірі халықаралық корпорацияларда табысты болу үшін қандай қабілеттер мен дағдылар маңызды екенін атап өтті.

Рустамның айтуынша, қазіргі таңда ол шығыстану факультетінде алған білімін «Samsung» компаниясында нақты істермен ұштастырып, кәсіби тұрғыда дамып келе жатқан білікті маман ретінде танылуда. Кездесу еркін форматта өтіп, студенттерге көкейдегі сұрақтарын ашық қоюға және өздерін қызықтырған тақырыптар бойынша құнды ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Шара барысында студенттер Рустамға түрлі сұрақтар қойып, болашақ мансапқа бағыт-бағдар алуға тырысты. Олардың арасында корей мәдениеті мен тілі, халықаралық корпорацияларда мансап құрудың қиындықтары мен мүмкіндіктері туралы сұрақтар болды. Рустамның тәжірибесі мен кеңестері студенттерге шабыт беріп, халықаралық деңгейде корей мәдениетін зерттеп, мансап құруға ынталандырды.