ТДМ 17. ӘДЕБИЕТ ПЕН ФОЛЬКЛОРДЫ ЗЕРТТЕУ

2024 жылдың 17 қазан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, 6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4 курс, 404-топ студенттерінің ұйымдастыруымен №17 студенттер үйінде «Әдебиет пен фольклорды зерттеу» тақырыбында ғылым жайында және ғылыми жұмыстарды жазу әдістемесі мен жас ғалымдардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға арналған ғылыми-танымдық тәрбие сағаты пікірталас түрінде мазмұнды өтті.
Тәрбие сағатының мақсаты – ұлттық тәрбиенің қайнар көздері фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі ұлттық рухани құндылықтарымыздың негізгі көрінісі халық ауыз әдебиетінен бастау алатындығын насихаттау.
Қазақ – сөз қадірін біліп, қасиетті сөзді қастерлеп, аузынан тастамай, данышпандығын өнеге ретінде өлеңмен өрнектеп, терең мағыналы сөздермен зерлеп келе жатқан халық. Сөз зергерлерінің аузынан шыққанды үздіксіз үлгі етіп, ұрпақ тәрбиесіне парықтап пайдалану дәстүрге айналған. Әсіресе, қариялар мақалдап, маңызды сөйлеуді борышым деп санайды, онсыз қарт адамның сөзінің қадірі болмайды.
Фольклордың басқа түрлері сияқты мақал-мәтелдер – халық оқулығы, өсиеті. Олар жастарды тәрбиелейді, жамандықтан сақтандырады. Ең алдымен қарапайымдылыққа, ұйымшылдыққа мегзейді, еңбекке, ерлікке баулиды. Адалдықты, адамгершілікті мақтап, насихаттай отырып, оған қарама-қарсы арамдық, қараулық, өтірік-өсек, жалқаулық, ұрлық, екі жүзділік секілді жарамсыз мінез-құлықтар сыналады.
Мақал‑мәтелдер – халық шығармашылығының төл жемісі. Әуелі әрбір жеке адам ойлап шығарғанмен, жүре-бара олардың авторы ұмтылып кетеді де, жұрт сынынан өткендері халық қазынасына – фольклор (ауыз әдебиетінің) шығармаларына айналып отырады. Осыдан барып мақал-мәтелдер көбінесе «халық даналығы» деп аталады. Көне түркі тілдерінде «аталар сөзі» деп атайды, яғни бұл – атадан «атадан балаға мирас болып келе жатқан қазына» деген сөз.
Мақал-мәтелдер фольклор жанрының бір түрі. Осыған байланысты мақал-мәтелдер, біріншіден, халық ауыз әдебиетінің ерекшеліктерін бойына сақтаса, екіншіден, қазіргі жазба әдебиетіне өзінің халық тілінде жасалған формасын ешбір өзгертпей еніп отыр.
Қазақ фольклорының көне жанрларының бірі мақал-мәтелдер ата-бабаларымыздың өткен өмірінен мол мағлұмат беретін мұралардың қатарына жатады. Өйткені, халық сан ғасырлық тәжірибеден көрген-түйгендерін қорыта келіп, ұрпақтарына «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» ұсынады.
Мақал-мәтелдер бір дәуірдің жемісі ғана емес, олар халықтың тарихымен тығыз байланыста. Мақал-мәтелдер – халықтың ғасырлар бойы атадан балаға мұра ретінде қалдырып келе жатқан асыл қазынасы деп білеміз.
Аталған шараның соңында топ студенттері халық әндерін домбырамен әуендетіп орындады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
профессор м.а. филология ғылымдарының кандидаты
Сарбасов Болатхан Серғазыұлы
Басқа жаңалықтар


