Шығыстану факультетінде ҚР жалпы білім беретін мектептері түлектеріне кәсіби бағыт-бағдар беруге арналған онлайн-конференция өттіFarabi University

51

Шығыстану факультетінде ҚР жалпы білім беретін мектептері түлектеріне кәсіби бағыт-бағдар беруге арналған онлайн-конференция өтті

14 қаңтар, 2023

13.01.2023 күні сағат 11.00-12.00 аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін орта мектептері мен гимназияларының түлектерімен кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы онлайн-конференция ұйымдастырылды.

Онлайн-конференцияның басты мақсаты – мектеп түлектеріне мамандықты таңдауға кәсіби бағыт-бағдар беру, әрі олардың келешек мамандықтары жөнінде білімдерін арттыру. Конференцияның жоспары бойынша, онлайн кездесу барысында, деканның оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушілері, аға эдвайзер, кәсіби бағыт-бағдар беру ісіне жауапты оқытушылар факультеттегі кафедралар, игеруге болатын білім беру бағдарламалары, шетелде білім алу мүмкіндіктері және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде толыққанды ақпарат берді. Онлайн кездесуге Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Түркістан, Қарағанды облыстарының 20-ға жуық жалпы білім беретін орта мектептерінің оқушылары қатысты. Ал факультет студенттері мен магистранттары өздерінің оқу үдерісі мен студенттік өмірлерінің қыр-сыры туралы баяндады. Конференцияның соңғы бөлігінде мектеп оқушылары ЖОО оқытушыларына және студенттерге көкейлерінде жүрген барлық сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Іс-шара жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде өтті.