Жапонияның ең үздік жоғары оқу орындарының бірі – Осака университетінде оқып келдімFarabi University

51

Жапонияның ең үздік жоғары оқу орындарының бірі – Осака университетінде оқып келдім

8 қараша, 2022

Менің атым - Берекеев Қайсар. Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студентімін. 2021 жылдың жаз мезгілінде мен академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша MEXT (Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрлігі) шәкіртақысының иегері атандым және Жапонияның әйгілі де үздік жоғары оқу орындарының бірі – Осака университетіне оқуға баруға мүмкіндік алдым.

2021 жылы мен шетелге оқуға жол жүрейін деп жатқанда, COVID-19 пандемиясына байланысты, менің жолымда көптеген кедергілер туындады. Мысалы, менің Жапонияға кетуіме қатысты кестеге өзгерістер енгізілді, сондай-ақ визаны алу уақытына байланысты түзетулер жасалды. Оған қоса, кетер алдында арнайы дайындық жасап, барлық қажетті медициналық сынақтардан өту қажет болды. Ақырында, осындай кедергілердің бәрінен сүрінбей өтудің нәтижесінде, былтырғы жылдың қараша айында Жапонияға ұшып кетудің сәті түсті. Сөйтіп, күншығыс еліне жеткен соң, жапон әуежайында медициналық тексеру болып, одан сәтті өттім. Содан соң өз қаражатымды жұмсап, Нарита қаласындағы қонақүйлердің бірінде 2 апта уақыт көлемінде карантинге қалуға мәжбүр болдым. Жалпы, көптеген кедергілер мен қиындықтарға қарамастан, ақыры менің Жапонияға оқуға бару деген мақсатым орындалды. Сондықтан мен өзімді өте бақытты адам ретінде сезінемін. Себебі, пандемияның осындай қиын кезеңінде мен Жапонияға оқуға келе алдым.

Екі апталық карантиннің уақыты аяқталған соң, «Миноо» (Осака қаласының маңы) деген жерде орналасқан университет жатақханасына келіп жеттім. Міне, сол сәттен бастап менің шетелдік студент ретіндегі қызықты да оқиғаға толы өмірім басталды. Жатақхана өмір сүруге өте ыңғайлы болып шықты. Ол қала маңындағы кез келген бағытқа оңай, әрі жылдам жетуге болатын қолайлы жерде орналасты. Минооның ішінде күнделікті қажетті заттарды сатып алуға болатын көптеген сауда орталықтары болды. Оған қоса, аудандағы қоғамдық көліктер пайдалануға жеңіл, ыңғайлы болды. Дәл осы жоғары оқу орнында оқудың тағы бір артықшылығы, біздің жатақхана университет қалашығына бірнеше минутта-ақ жаяу жете алуға болатын жақын жерде орналасты. Осылай біз жаңа жағдайларға ешбір қиналмастан тез бейімделіп кеттік. Әрине, шет елде оқудың көптеген артықшылықтары бар, мысалы, көңілді уақыт өткізу, саяхаттау және т.б. Бірақ Жапонияға оқуға келуімнің басты мақсаты өз мамандығым бойынша академиялық білімімді тереңдету және одан әрі жетілдіру еді.

Жапонияға келгенге дейін, Қазақстанда жүргенімде жапон университетінің осы оқу бағдарламасын онлайн форматта меңгере бастаған болатынмын. Мұндағы оқытушылар жөнінде айтсақ, сэнсэйлер өз жұмыстарын өте жақсы көреді және олар сан алуан елден келген және жапон тілін әр түрлі дәрежеде игерген шетелдік студенттерді оқытуда шыдамдылық танытып, әрбір білім алушымен жеке жұмыс жүргізді. Сабақ барысында біз үнемі түрлі тақырыптар аясында дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген, мәдениеті мен өмірге деген көзқарастары бір-бірінен өзгешеленетін шетелдік студенттермен пікірталас жүргізетін едік. Пікірталастар аса қызықты өтетін.

Үлгеріміме келер болсақ, сабақтар барысында менде дәрістерде берілетін оқу материалдарын түсініп пайымдауда сәл қиындықтар туындады. Оның үстіне жапон тілінде баяндама мен эссе жазу мен үшін қиын да, күрделі дүние болып шықты. Мен бұған дейін осы іспеттес жазбаша жұмыстарды жазуға толыққанды машықтанбағанымды және жеткілікті түрде уақыт бөлмегенімді түсіндім. Жапон тілінде зерттеу жұмысын жазу мен үшін оқу бағдарламасының ең қиын міндеті болғаны рас. Бір жыл бойы әр түрлі оқытушылар апта сайын 2 сағат көлемінде уақыттарын бөліп, бізге зерттеу жұмысын сапалы да сауатты жазу үлгісін үйретіп, барынша жәрдемдесті. Зерттеу жұмысынан бөлек, біз «жапон әдебиеті» немесе «жапондықтардың діни наным-сенімдері» сияқты тақырыптар бойынша шағын жобалар жасап қорғадық. Айтпақшы, мен үшін жапон саясаты пен экономикасының ерекшеліктерін меңгеру айрықша қызықты әрі мазмұнды болды.

Мен үшін жапон университетінде жинаған бұл тәжірибем бакалавриаттағы оқуымның ең құнды да маңызды бөлігі болғаны сөзсіз. Өйткені, Осака университетінде біз жапон тілі мен мәдениетін терең зерттеп қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттермен шет елдерінің ұлттық ерекшеліктері мен дәстүрлері туралы білім алмасу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл жерде мен басқа адамдардың пікірін, көзқарасын және мәдениетін қабылдаудың және құрметтеудің ерекше маңыздылығын сезіндім. Болашаққа қойған мақсат-мұраттарым жөнінде айтар болсақ, оқуымды аяқтағаннан кейін мен өз қоғамыма пайдалы болып, әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын Осака университетінде алған біліміммен және тәжірибеммен айналадағы адамдармен, отандастарыммен бөліскім келеді!