Қытайтану кафедрасының ғалымы ҚХР талапкерлеріне КазҰУ туралы имидждік лекция оқыдыFarabi University

51

Қытайтану кафедрасының ғалымы ҚХР талапкерлеріне КазҰУ туралы имидждік лекция оқыды

11 желтоқсан, 2025

10 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім беру мүмкіндіктеріне арналған ірі онлайн-дәріс өтті. Дәрісті қытайтанушы-ғалым, әдіскер, халықаралық білім беру саласының тәжірибелі маманы, Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамытуға ұзақ жылдар бойы зор үлес қосып келе жатқан филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Фатимабибі Ноғайқызы Дәулет жүргізді. Онлайн-кездесуге Қытайдың түрлі аймақтарынан бакалавриат, магистратура және PhD бағдарламалары бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алуға мүдделі 150 талапкер қатысты.   Дәріс барысында Ф.Н. Дәулет университеттің тарихи миссиясын, стратегиялық даму бағыттарын және басты артықшылықтарын жан-жақты таныстырды. Ол ҚазҰУ-дың әлемдік рейтингтердегі тұрақты жоғары көрсеткіштерін, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының кең мүмкіндіктерін, жаһандық университеттер желісіндегі белсенді серіктестігін және жоғары білікті мамандар даярлаудағы тәжірибесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, лектор ҚазҰУ-ге қабылдау талаптарын, іріктеу критерийлерін, құжат тапсыру тәртібін және шетелдік студенттерге ұсынылатын академиялық бағдарламалардың мазмұнын егжей-тегжейлі түсіндірді. Қытайлық тыңдаушылар студенттік өмір мен кампустық инфрақұрылым, жатақхана жағдайы, шетелдік студенттерге арналған бейімдеу бағдарламалары, ғылыми жобаларға қатысу, стипендиялық мүмкіндіктер, академиялық мобильділік және халықаралық серіктес университеттерде білімін жалғастыру перспективалары туралы көптеген сұрақтар қойды. Барлық сауалдарға кәсіби, нақты және мазмұнды жауаптар беріліп, талапкерлерде ҚазҰУ-да оқу мүмкіндіктері туралы толық әрі жан-жақты түсінік қалыптасты. Шара жоғары деңгейдегі қызығушылық пен белсенділікпен өтті. Қатысушылардың көпшілігі университетпен тұрақты байланыс орнатуға, алдағы онлайн-кеңестерге қатысуға және жақын уақытта құжат тапсыруға дайын екенін жеткізді. Өткізілген онлайн-дәріс ҚазҰУ-дың Қытай білім нарығындағы беделін одан әрі күшейтіп, жоғары сапалы халықаралық білімге, академиялық мобильділікке және кәсіби дамуға ұмтылған қытайлық жастар үшін университеттің тартымдылығы артып келе жатқанын айқын көрсетті.