«№37» Фильмі – Жастар cанасындағы қоғам айнасыFarabi University

51

«№37» Фильмі – Жастар cанасындағы қоғам айнасы

21 қараша, 2025

 

 

2025 жылғы 21 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану мамандығының 4 курс студенттері үшін мәдени-танымдық бағыттағы маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Студенттер ŞAM тәуелсіз театрының қойылымы негізінде түсірілген «№37» көркем фильмін тамашалап, кейін арнайы пікірталас алаңында туындының мазмұны мен тәрбиелік қырын талқылады.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ дінтанушылардың көркем өнер арқылы қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерге көзқарасын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды терең ұғындыру және сыни ойлау мәдениетін дамыту болды. «№37» фильмі студенттерге қазіргі қала кеңістігіндегі адам тағдыры, әлеуметтік қысым, психологиялық күйзеліс пен отбасы жауапкершілігі сынды маңызды тақырыптарды жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік берді.

Фильм көрсетілімінен кейін өткен талқылау барысында қатысушылар туындының әлеуметтік мәніне ерекше тоқталды. Студенттер фильмде адамның жан күйзелісі, қоғамдағы немқұрайлылық, жауапсыздық салдары және рухани құндылықтардың әлсіреуі анық көрініс тапқанын атап өтті. Сонымен қатар, көрермендер көтерілген мәселелердің дінтану ғылымындағы адамгершілік, құндылықтар жүйесі және моральдық жауапкершілік ұғымдарымен тығыз байланысын саралады.

Талқылау нәтижесінде студенттер мынадай негізгі құндылықтарды айқындады:

                      адам өміріне жауапкершілікпен қарау;

                      қоғамдағы бейжайлыққа қарсы тұру;

                      отбасының рухани тірек ретіндегі маңызы;

                      сабыр мен төзімділік мәдениеті;

                      мейірім мен жанашырлықтың құндылығы.

Бұл мәдени кездесу студенттердің тұлғалық дамуына оң ықпал етіп, олардың әлеуметтік сезімталдығын арттырды және кәсіби дүниетанымының кеңеюіне жол ашты. Осындай іс-шаралар жастардың рухани тәрбиесін нығайтып қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, «№37» фильмі бойынша өткен бұл мәдени-танымдық шара – студенттердің шығармашылық ойлауын дамытып, өмірлік құндылықтарды қайта пайымдауға жетелеген маңызды тәрбиелік алаңға айналды.

 

Іс-шараның ұйымдастырушылары:          

Бегалинова К.К. – профессор, философия ғылымдарының докторы

Р.А. Жамал – Исламтану мамандығының 2 курс магистранты