2018 жылы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2018 жылдың 15-қаңтарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жаңа «Ақпараттық технологиялар факультеті» іргесін қалаған болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жоғары білімінің флагманы болып табылады. ҚазҰУ QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының топ-200 қатарына кіретін Қазақстандағы жалғыз ЖОО болып есептеледі және жоғары халықаралық беделі бар.
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар факультетінде 4 кафедра жұмыс жасайды. Бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша «Ақпараттық жүйелер» кафедрасында «Ақпараттық жүйелер», «Есептеуіш лингвистика», «Жоғары жүктелген жасанды интеллектісі бар ақпараттық жүйелер», «Индустриалды ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша, «Киберқауіпсіздік және Криптология» кафедрасында «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Криптология», «Ақпараттық қауіпсіздік аудиті» мамандықтары бойынша, «Компьютерлік ғылымдар» кафедрасында «Компьютерлік инженерия», «Компьютерлік ғылымдар», «Жүйелік инженерия», «Педагогикалық информатика» мамандықтары бойынша, «Жасанды интеллект және Big Data» кафедрасында «Автоматтандыру және басқару», «Заттар интернеті және Big Data», «Деректер туралы ғылым», «Интеллектуалды басқару жүйелері», «Бизнес талдау мен Big Data», «Машиналық оқыту және деректерді талдау» мамандықтары бойынша IT саласының болашақ үздік мамандары білім алып жатыр.
Факультеттің негізгі миссиясы мен мақсатын атап өткен факультет деканы Тұрар Олжас Нұрқонысұлы: «Ақпараттық технологиялар факультетінің негізгі мақсаты — ұлттық экономиканың IT-секторын динамикалық тұрғыда дамытып, әлемдік деңгейге жеткізетін жоғары білікті мамандар даярлау», - дейді.
Осы мақсатқа сай жұмыс істейтін Ақпараттық технологиялар факультеттінің құрамында білікті профессор-оқытушы құрамы қалыптасқан. Елге аты әйгілі ардагер ұстаздар мен жас ғалымдар, нарықта жүрген мамандар қызмет атқарады.